ҚР Ауыл шаруашылық министрлігі шаруалар үшін бидай бағасының қандай болатынын мәлімдеді. Мысалға, құрамында 32% клейковина және 15% протеині бар 5 сұрыптағы бидайдың тоннасы – 60000 теңге.
2 сұрыптағы арпа бағасы жеткізу көлемі 1000 тоннаға дейін болса, 40000 теңгеге, ал жеткізу көлемі 1000 тоннадан артық болса, тоннасы 41000 теңгеге дейін артты.
Жалпы республика бойынша 11,6 млн га жерден астық жиналып, 14,7 млн тонна бастырылды. Егін жинау қарқыны былтырғы жылдың осы уақытымен салыстырғанда 2,4 млн га-ға немесе 16%-ға артық, республика бойынша барлық егістік алқаптың 76,7% жиналды.
ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғановтың мәліметінше, Оңтүстік және Батыс Қазақстан, Жамбыл облыстарында масақты дәнді-дақылдарды жинау аяқталған. Ал еліміздің солтүстіктегі астықты өңірлерінен 10,6 млн тонна астық жиналды.
«Арпаны жинау жұмыстары аяқталуда. Қазіргі уақытта 1,8 млн га немесе аумақтың 86% жиналып, 2,7 млн тонна өнім алынды. Майлы дақылдар бойынша жалпы аумақтың 24% жиналып, 1,2 млн тонна өнім алынды. Бұл көрсеткіш былтырғы жылдың көлемінен 10%-ға артық. Бақша дақылдарын жинау жұмыстары да жалғасуда. Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстары бойынша аумақтың 76% жиналып, 3,1 млн тонна өнім алынды (былтырғы жылдан 13% артық). Қант қызылшасы былтырғы жылға қарағанда 1,5 есеге артық жиналады деп күтілуде», – деді вице-министр үкімет отырысында.
Биылғы жылы астықтың жалпы көлемі 19,5 млн тоннаны құрайды деп болжанып отыр. Солтүстік өңірлерден 15 млн тонна астық жиналады деп жоспарлануда.