Солтүстік Корея тағы бір мәрте құрлықаралық баллистикалық зымыран сынағына дайындалып отыр. Шамамен осы аптаның соңғы күндерінде зымыран сынағын қайталайтыны туралы Оңтүстік Корея қорғаныс күштері мәлімет жасады. Бұл туралы «The New York Times» басылымының таңғы жаңалықтар топтамасында хабарланды.

Осы аптада Солтүстік Корея ядролық сынақтың сәтті өткеніне және оған қатысқан зерттеушілер мен ғалымдардың құрметіне орталық қаласы Пиоңяңда (Пхеньян) көлемді мерекелік іс шара өткізген болатын.

Қазіргі кезде Құрама Штат тарабы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінен Солтүстік Кореяға қарата нақты әрекетпен жауап қайтару туралы келісім сұрап отыр. Қауіпсіздік кеңесте АҚШ-тың бұл талабы дауысқа салыну үстінде. Яғни, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі келісімін беретін болса, АҚШ-тың мұнай тасымалына шектеу қоюы ең қатал қысымның тек бірі ғана болады. Бұдан бөлек Солтүстік Корея кемелеріне теңізде тосқауыл жасау, елдің ең жоғары басшысы Ким Жоң Унның (Ким Чен Ын/Kim Jong Un) активтерін мұздату қатарлы шектеу шаралары да бар.

Десе де, Жапон бас уәзірі (премьер-министрі) Шинзо Абемен (Shinzo Abe) кездескен кезде, Ресей президенті Владимир Путин КХДР-ға бағытталған қатаң қысымға түбегейлі қарсы екенін білдірген. Қауіпсіздік кеңесінде талқыға салынатын қатаң қысым шараларына Қытай мен Ресей қарсы тұруы мүмкін деп күтілуде.

“The Qazaq Times”