Қазақстанда атом электр станциясын салу техника экономикалық негіздеменің нәтижесіне байланысты болады. Бұл туралы ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мәлімдеді. 

"Осы жылдың соңына дейін "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясы техника-экономикалық негіздемені жасап шығаруды қолға алады деп болжап отырмыз. Біз олар сұраған мәліметтер бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Ал техника-экономикалық негіздеме жасалып болғаннан кейін келесі жылы АЭС-қа қатысты шешімді айтамыз", - деді ол Kazenergу форумынан кейін журналистермен кездесу кезінде.

Сондай-ақ, Бозымбаев техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеу үшін жұмыстар жүргізілетінін атап өтті.

"Осы негіздеменің нәтижесі Қазақстанда атом станциясының қаншалықты қажет екенін көрсетеді", - деді ол.

Айта кетейік, бұдан бұрын министрлік "Қазақстан атом электр станциясын салу туралы шешімді 2018 жылдың соңына қарай қабылдайды" деп мәлімдеген. Ал 2016 жылдың соңында Энергетика министрлігі АЭС салудың қажеті жоқ және алдағы 7 жылда АЭС құрылысы туралы мәселе болмайтынын айтқан еді.

“The Qazaq Times”