Ресей президенті Владимир Путин Солтүстік Кореяға қарсы қысым жасау шараларына қарсы. Ресей басшысының пікірінше, бұл шаралар шиеленісті шешуді былай қойып, істі одан ары ушықтырып жібереді. Бұл туралы Қытайдың «Шинлаң» ақпараттық сайты жазды.
Путин Қытайда болып өткен БРИКС елдері басшыларының бас қосуынан кейін журналистерді қабылдағанда, Солтүстік Кореяға бағытталған экономикалық және әскери шараларды қатаң сынады. Әрі бұл шаралардың еш нәтиже бермейтінін айтып өтті.
Путин: «Экономикалық қысым жасау ондағы көптеген адамдардың зардап шегуімен ғана аяқталады. Бұл Солтүстік Корея режимін райынан қайтаратын бірегей шара емес. Тіпті, Солтүстік Кореяға бағытталған әскери шаралар жаһандық апатқа апарып соғуы да мүмкін», – деді. Ол және Солтүстік Корея мен әлем арасындағы бұл қайшылықтың, кезіндегі АҚШ-тың Ирактағы қадамына ұқсас деп бағалады.