Энергетика өндіруші компаниялардың "Қазтрансгаз Аймақ" АҚ алдындағы қарызы 3,8 млрд теңгені құрайды. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мәлімдеді.
Министрдің сөзінше, Оңтүстік Қазақстан облысының қарызы 2,3 млрд теңге болғандықтан осы жылдың 27 наурызынан бастап Шымкент жылу энергия орталығына газ жеткізу тоқтатылған. Сондай-ақ, шілде-тамыз айларында компанияның есеп айырысу шоттары бұғатталады. Кейін үшжақты келісім бойынша 805 млн теңге төленген соң, шоттар қайта ашылған.
"Қалған 1,5 млрд теңге мөлшеріндегі қарызды жылыту маусымы басталғанға дейін өтеу жоспарланған. Осыған байланысты біз аймақтың жетекшілігінен осы мәселені бақылауға алуды сұраймыз, өйткені алты айдан бері ЖЭО жұмысы тоқтатылған", - деді Қанат Бозымбаев.
Дегенмен министрдің сөзінше, елдегі газ тасымалдау инфрақұрылымының объектілері тұрақты режимде жұмыс істейді және объектілерде техникалық қызмет көрсету кестелерге сай жүзеге асырылады. Сондай-ақ, министрдің сөзіне сенсек, Қазақстанның энергетикалық кәсіпорындарының күзгі-қысқы кезеңге дайындық жұмыстары аяқталуға жақын.
Бұдан бөлек, ведомство басшысы 2017 жылы 10 энергоблокты, 61 энергетикалық қазандықты және 49 турбинаны жөндеу жоспарланғанын атап өтті. 2017 жылғы қыркүйек айының басында 4 энергоблокта, 28 қазандықта және 22 турбинада жұмыс аяқталған. 4 энергоблокта, 30 қазандықта және 21 турбинада жөндеудің әртүрлі кезеңінде жұмыстар әлі аяқталмаған.