Қыркүйектің 2-і күні Өзбекстан президенті Ислам Кәрімовтың өмірден озғанына бір жыл болды. Осы уақыт аралығында Өзбекстанның жаңа басшылығы не тындырды? Шавкат Мирзиеев елге қандай өзгерістер алып келді? Бүгін біз осы сұрақтарға жауап іздеп көретін боламыз.

Осыдан бір жыл бұрын елді 26 жыл басқарған Өзбекстан президенті Ислам Кәрімов науқастанып жатқанда көптеген сарапшылар ол өлген соң елде билік үшін қантөгіс болады деп болжаған болатын. Алайда өзбектің саяси элитасы ел тағдыры белгілі бір кландардың ермегі емес екенін дәлелдеді. Ислам Кәрімов қайтыс болғаннан кейін билік басына ешқандай шусыз Шавкат Мирзиеев келді. Ол келе салысымен Ислам Кәрімовтың кеңестер одағы негізінде құрып кеткен саяси жүйесін либерализациялай бастады. Елдегі саяси себептермен сотталған журналистер, саясаткерлер мен азаматтық белсенділерді бостандыққа шығарды. 2005 жылғы Әндіжан оқиғасынан кейін елден қуылған шетелдік ВВС, Азаттық радиолары (Оздодлик) мен халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымына Өзбекстан аумағына жұмыс істеуге қайта рұқсат берді. Бірақ олардың ел аумағында қай уақыттан бастап жұмыстарын жалғастыратыны әзірге белгісіз.

Бұдан бөлек Шавкат Мирзиеев Ислам Кәрімовтың кезінде көршілес Тәжікстан, Қырғызстан және Түркіменстан елдерімен бұзылған қарым-қатынасын қайта жандандыра бастады. Ол қыркүйектің 6-сы күні Бішкекке ресми іс-сапармен бармақ. Қырғызстан астанасында Шавкат Мирзиеев пен Алмазбек Атамбаев екі ел арасындағы шекараны делимитациялауға байланысты бірнеше маңызды құжаттарға қол қояды деп күтілуде. Кеңестер одағы құлағалы алыстан сыйласатын Ресейге де Өзбекстан елі Шавкат Мирзиеевтың келуімен жылы қабақ таныта бастады. Тіпті ол президент болып сайлана салысымен Мәскеуге ресми іс-сапармен барып қайтты. Көпшілік саясаттанушылардың айтуынша, Кремль мен Ташкент арасының аяқ астынан бұлай бола қалуына Ресейде тұратын өзбекстандық миллионер Әлишер Усмановтың қатысы бар.

Ислам Кәрімовтың кезінде Өзбекстан экономикасы тек қағаз жүзінде ғана жыл сайын өсіп келген болатын. Ал шын мәнінде өзбек экономикасындағы күрмеуі шешілмеген мәселелер шаш етектен екендігі Шавкат Мирзиеевтың келуімен белгілі болды. Инфляция, құнсызданған ұлттық валюта, жұмыссыздық салдарынан өзге елдерге жан бағуға кеткен миллиондаған өзбекстандықтар, осының барлығы Шавкат Мирзиеевтың келуімен қағаз жүзінде емес іс жүзінде шешімін таппай отырған мәселелер екені ашық айтылды. Ауыл шаруашылығы саласы да Мирзиеевтың басшылығымен жандана бастаған. Бұрын пайдасыз болып келген жібек тоқыма саласы соңғы уақытта әбден титықтап біткен шаруларға пайда түсіре бастаған. Кәрімов билік басында тұрғанда шетелдерге нәпақа табуға кеткен өзбектердің миллиондап саналатынын мойындамаса, қазір олардың бар екені және өзге елде мигрант болып жүрген Өзбекстан азаматтарының құқығын қорғау керектігі ескеріліп, Мирзиеевтың тапсырмасымен алдағы уақытта Ресейдың бірнеше қаласында Өзбекстан консулдықтары ашылатын болған. Бұл бір жағынан өзбек азаматтарының құқығын қорғауға көмектессе, екінші жағынан шетелдерден елге келетін қаржы толқынын бақылау болып отыр. Өйткені осы уақытқа дейін елдің Ферғана, Әндіжан облыстарындағы экстремистік топтардың қаржысын бақылауда ұстау мүмкін емес болып келген. Бұл Шавкат Мирзиеевтың осы уақыт аралығында Өзбекстан халқы мен халықаралық қауымдастық көзіне түскен жақсы дүниелері.

Ал енді оның билік басына келгелі бері түрлі сыбыстар мен қаңқу сөздердің арасында болуына себепші болып келген Гүлнара Кәрімованың ісі жайында айталық. Осы жерден бастап Шавкат Мирзиеевтың саяси жолындағы қара жолақтар басталады десек артық айтпаймыз. Себебі 2014 жылдан бері үй қамағында отарсада, Ислам Кәрімовтың өлімінен кейін Өзбекстанда танымалдылығы жағынанда, ел арасындағы саяси салмағы жағынанда Шавкат Мирзиеевтан Гүлнара Кәрімованың бір бас жоғары тұрғаны көпшілік жұртқа белгілі. Бірақ Ислам Кәрімов өмірден озғаннан кейін Гүлнара Кәрімованың үстінен бірнеше бап бойынша қылмыстық іс қозғалып, үй қамағынан, түрмеге ауыстырылды. Ал Шавкат Мирзиеев Өзбекстан президенті атанды. Бұл жағдай көпшілік жұрттың көңілінде күмән туғызғаны анық. Оның үстіне Өзбекстан билігіндегі кез келген атқа мінердің жемқорлықтан таза емес екенін ескерсек, онда бұл күмән одан сайын тереңдей түсетіні белгілі. Өйткені Гүлнара Кәрімованың 2 миллиард долларды әкесі Ислам Кәрімов құрған жүйеде бір өзі жымқырды деген ертегіге саналы адамның сенуі өте қиын. Гүлнара Кәрімованың ісі халықаралық сотта қаралатын болса, онда қазіргі Өзбекстан билігіндегі біраз шенеунік жылы креслосын темір торға ауыстыратыны анық. Олардың арасында Шавкат Мирзиеевтың өзі де болуы ғажап емес. Сол себепті Мирзиеев билігі қазіргі уақытта Гүлнара Кәрімованы изоляцияда ұстап, барынша өзбек халқының қас жауы, халықаралық дәрежедегі нөмірі бірінші жемқор етіп көрсетуге тырысып бағуда. Олардың мұнысынан не шығатынын уақыт көрсете жатар. Бір белгілісі қазір Шавкат Мирзиеев 26 жыл бойы Ислам Кәрімов пен оның отбасы және жақын саяси серіктестері ойына не келсе соны жасаған саяси жүйені түбегейлі өзгертуге тырысып жатыр. Бұндай қадамдарға Шавкат Мирзиеев еріксіз барып жатуы да мүмкін. Өйткені Ислам Кәрімовтан мұраға қалған мемлекет басқару механизімі ескіріп біткен. Оны жаңа толқынға, жаңа лепке, жаңа жүйеге алмастырмаса елді құрдымға апарып соғары анық.

“The Qazaq Times”