Ұлыбританияның Премьер-министрі Тереза Мэй Жапонияға ресми сапары барысында Солтүстік Кореяның зымыран шабуылынан кейін елде өткен жабық әскери кездесуге қатысты. Бұл туралы APF ақпараттық агенттігі жазды. 

Ресми ақпаратқа қарағанда, Тереза Мэй Жапонияның жабық Қауіпсіздік кеңесіне қатысып отырған екінші шетелдік көшбасшы. Оған дейін, 2014 жылы мұндай жоғары деңгейдегі жабық кездесуге қатысу құрметіне Аустралияның сол кездегі Премьер-министрі Тони Эббот ие болған еді.

Жапония Үкіметінің өкілі Есихиде Суга Тереза Мэйдің аталған шараға қатысуы Ұлыбритания мен Жапония арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың нығая түсуіне себепкер болды деп есептейді. Есихиде Суга журналистерге берген сұхбаты кезінде Тереза Мэйдің Жапониядағы қауіпсіздік пен дипломатия бойынша шешімдер қабылданатын басқосуға шақырту алғанын жеткізді.

2013 жылы құрылған Қауіпсіздік Кеңесі Жапонияның Премьер-министрі Синдзо Абэ мен маңызды министрлерден тұрады.

Қазір Ұлыбритания БҰҰ арқылы Солтүстік Кореяның гастарбайтерлерін Ресей, Қытай сияқты өзге мемлекеттерге жұмыс істеуге жіберуге тыйым салатын жаңа санкциялар енгізуге күш салып отыр.

Жапонияның Қорғаныс министрі Тереза Мэйға елдегі АҚШ-тың әскери базасын таныстырғаннан кейін, осы жылы зымыран шабуылына қарсы технологияларды дамытуға мемлекеттен ең үлкен бюджет қарастырылатынын жеткізді.

Ертең Тереза Мэй Синдзо Абэмен бірге баспасөз-конференциясын өткізіп, император Ахикитомен кездеседі.

“The Qazaq Times”