Оңтүстік Азиядағы үш елде – Үндістан, Бангладеш және Непалда болған су тасқынынан 24 тамызға дейін 1000-нан астам адам қаза тауып, миллиондаған адам зардап шекті. Бұлардың басым көбі қазірге дейін құтқару көмегін күтіп отыр. Бұл туралы «Шинхуаның» ақпараттық сайты хабарлады.
Үш елдің Төтенше жағдайлар департаменті көрсеткен статистикалық мәліметтерге қарағанда, теңіз дауылы мен қолайсыз ауа райы басталған 10 тамыздан бері үш елдің құтқару қызметі 1009 адамның мәйітін тапқан. Апатты өңірлер арасында Үндістанның шығысындағы Бихар аймағында жағдай тым ауыр. Мемлекеттік көмек көрсету бөлімінің бастығы Арнольд Кумар AFP-ге берген сұхбатында құтқарушылар 23 тамызға дейін Бихарда 367 адамның су тасқынынан қаза болғанын айтқан. Тұтас Бихар аймағынан 450 мың адам эвакуацияланған және үкіметтің құтқару сарайына орналастырылған. 19 аймақта зардап шеккендердің саны 11 млн адамға жеткен.
Бихарға жақын Уттар-Прадеш аймағындағы халық саны 220 миллион адам. Үндістан бойынша халық тығыздығы ең жоғары аймақ. Ал осы аймақтың жартысынан көбі су астында қалған. Әзірге дейін 84 адам қаза болып, 2 млн адам зардап шеккен.
Уттар-Прадешпен шекаралас Непалда да 114 адам қаза тауып, 80 мың адам шатырларды паналап отыр. Ал Бангладеште 137 адам көз жұмып, 7,5 млн адам зардап шекті. Бұл сол аймақта 15 жылдан бері болып көрмеген су тасқыны.