Сауд Арабиясы билігінің ресми өкілдері мен бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, Арар қаласы маңындағы Иракпен арадағы шекара 1990 жылдан бері алғаш рет ашылады. Осы қақпа арқылы екі ел арасында жүк тасымалы жүзеге асырылмақ. Бұл туралы Әл-Жазира (Al-Jazeera) ақпараттық агенттігі жазды.

Сауд Арабиясы мен Ирак арасындағы дипломатиялық байланыстардың үзілуіне Саддам Хусейннің өз әскерін Кувейтке алып кіруі себеп болған. Осыдан кейін үзілген қос елдің қарым-қатынасы 2015 жылы Сауд Арабиясының елшілігі Бағдад қаласында араға 25 жыл салып, қайта жұмысын бастаған кезде жандана түсті.

Ирак шиитерінің басшысы Мұқтада-ас-Садрдың айтуынша, Сауд Арабиясы шииттер тұратын оңтүстік аудандарға инвестиция құюдың жолдарын қарастырып жатыр және қазірдің өзінде Иракқа көмек ретінде 10 млн АҚШ долларын берген.

Мекке басылымы Ирак мұсылмандарына жылына бір рет қажылыққа ғана шекара асуға рұқсат етілетін, енді халықтың екі арада қатынауы жеңілдей түседі деп жазды.

Ирактың оңтүстік-батысындағы Анбар провинциясының басшысы Сухаб-әл-Рәби: «Бұл Сауд Арабиясы мен Ирактың болашақтағы әріптестігіне жақсы бастама», - деп баға берді.

Ирак пен Сауд Арабиясының өңірдегі Иранның әскери және саяси қуатының артуына байланысты күш біріктіруі заңды құбылыс. Екі тарап та көршілерінің күш алып, өңірде өз саясатын жүргізе бастағанын қаламайды.

“The Qazaq Times”