Кенияда өткен Президенттік сайлау қорытындылары қолдан жасалған деген айыптаулар жаудырған Опоозиция тарапының наразылығы қауіпсіздік қызметкерлермен қақтығысқа әкеліп, нәтижесінде 5 адам көз жұмды. Бұл туралы Әл-Жазира телеарнасы ақпараттық агенттігі жазды. 

Найроби қаласындағы жергілікті полиция қызметкері Джафет Коемның мәліметінше, ел астанасында екі адам қаза тапқан. Өңірлік полиция басшысы Лонард Катана дәл сол күні Найробиден 300 км қашықтықта орын алған қауіпсіздік қызметкерлерімен қақтығыс кезінде тағы бір тұрғын көз жұмғанын айтты. Тана өзенінің оңтүстік-шығыс бөлігінде пышақпен қаруланған 5 адам сайлау қорытындыларын есептейтін бюролардың біріне шабуыл жасап, олардың екеуі оқиға орнында жан тапсырған. Леонард Катана болған оқиғаның саяси астары барын не бұл қылмыстық іс болғанын ажырата алмай отырғанын жеткізді.

Сайлаудан бұрын, барлық белгілі ақпараттық агенттіктер Кенияда қанды қақтығыстар орын алып кетуі мүмкін деген болжамдар жасап, қауіптенген болатын. Күтілген қауіп расталып, президенттік сайлауға түскен осыған дейінгі мемлекет басшысы Ухуру Кениатта мен 72-жастағы бұрынғы саяси тұтқын Рейл Одинганың бәсекесі наразылық акцияларымен аяқталды. Оған себеп,  сайлау комиссиясының сайтында сәрсенбі күні жарияланған нәтижелерге сәйкес, Ухуру Кениатта 54,4 пайыз, ал Рейл Одинга 48,8 пайыз дауысқа ие болған. Рейл Одинга бастаған оппозиция бұл нәтижелермен келіспей,  журналистермен болған баспасөз конференциясында: "Жариялауға болмайтын ақпарат көздерінен алынған деректерге сенсек, сайлау комиссиясының электронды жүйесіндегі деректерге хакерлердің көмегімен өзгертілгені белгілі болды", -  деп мәлімдеді. Оппозиция жақтаушылары ел ішінде қарсылық қозғалыстарын ұйымдастырып жатыр. 2013 жылы өткен сайлау кезінде де, Рейл Одинга Ухуру Кениаттадан жеңіліп, оны сотқа берген болатын. Дегенмен сот шешімі бойынша, оның шағымы негізге алынбай, Кениатта президент болып сайланған еді. Осы жолы Рейл Одинга тағ да жеңіліс тапса, оқиғаның немен аяқталары белгісіз...

“The Qazaq Times”