АҚШ пен Солтүстік Корея арасында үркітіп-қорқытып, айбар шегу толастар емес. БҰҰ болсын, АҚШ болсын Солтүстік Кореяның зымыран сынақтарын тоқтатып қала алмай отыр. АҚШ алғашқы жұдырық ретінде жаңа экономикалық санкция жариялады. Бұл дағдылы амал Солтүстік Кореяны сабасына түсіре алар емес. Есесіне тіпті де ширай түсіп, АҚШ-тың әскери базасын атқылаймын деп зілді жауап қайырды.

Солтүстік Корея 8 шілде күні «Орталық ақпарат» агенттігінен таратқан мәлімдемесінде, КХДР қарулы күштері «Марс12» баллистикалық зымыранын қолданып, Гуам аралын атқылауға дайындалып жатқанын хабарлады. Хабарда әскери сарапшылардың Гуам аралындағы әскери базаларға шабуылдың тексеру, анықтау жұмыстарын бастап кеткенін, қортындысы шығып, әзірлік жасалып болғаннан кейін Солтүстік Корея ең жоғары басшысы Ким Жоң Унның бекітіп, бұйрық шығаруына жолданады делінген.

Қытайдың «Шинлаң» ақпараттық сайтының бүгінгі хабарына қарағанда, 10 шілде таңертең Солтүстік Корея тағыда мәлімдеме таратып тамыз айының ортасына дейін КХДР әскери сарапшылары толық дайындық жұмыстарын жасап болып, Ким Жоң Унның бұйрық шығаруына жолдайтынын айтқан.

Бұл жасалып жатқан қадамдар Солтүстік Шығыс Азия, қала берді Корей түбегі мәселесінің халын күннен күнге ауырлатып келеді. АҚШ бұл күнде әскери дайындықтарын толассыз жалғастырып отыр. Оны олардың «барлық мүмкіндіктерді де есептеп отырмыз» деген мәліметінен де көруге болады.

“The Qazaq Times”