Венесуэла Президенті Николас Мадуроны Ұлттық арнаға берген сұхбатынан кейін елдің әскери басшылығы толық құрамда күтіп алды. Олар өздерінің әрекетін жуырда Венесуэлада орын алған әскери базаға шабуылдан соң, мемлекет басшысының өміріне қауіп төніп тұр деген күдікпен байланыстырды. Бұл туралы APF ақпараттық агенттігі жазды.
Үш танк пен жүздеген жауынгерді алып келген Венесуэла қарулы күштерінің қолбасшысы, генерал Владимир Падрино осы арқылы халыққа "әскердің рухы мен бірлігін" көрсеткісі келген сияқты. Падрино Валенсияда болған оқиға туралы жаңа мәліметтер берді. Оның ақпаратына сәйкес, 3 сағатқа созылған қақтығыс барысында, 8 адам қолға түсіп, екі шабуылшы қаза тапқан. Ел әскеріне қарсы қару алып жүгірген топтың қатарында Ұлттық гвардия капитаны Хуан Карлос Кагуарипано мен бұрынғы лейтенант Джефферсон Габриэль Гарсия да болған.
Николас Мадуроның ойын жалғап, Валенсиядағы оқиғаны "террорлық акт" деп атаған Падрино: "Хуан Карлос Кагуарипано 2014 жылы құқықбұзушылық әрекеттері үшін әскер қатарынан шығып қалғанын, ал Габриэль Гарсия қару-жарақ қоймасында қызмет еткен. Ол сатқындық жасап, басқыншыларға есікті ашып берген", - деп мәлімдеді. Бірақ ол әскерилерді өз әріптестеріне қарсы қойған қандай фактор екені туралы жақ ашпады.
Шабуылдан бұрын әлеуметтік желіде арнайы бейнежазба жариялаған әскери форма киген азаматтар "Әділетті сайлау мен ауыспалы демократиялық билік" үшін күресетіндіктерін хабарлаған.
Ел ішіндегі биліктің әрекеттерін қолдамайтын көзқарас әскер арасында да кеңінен таралып келе жатқанын жеткізген оппозиция жетекшісі Хулио Борхес Үкіметтен жексенбі күні орын алған оқиғаның ақиқатын бұрмаламай жариялауды талап етті.