Қытайда "қауіпті" сайттарды бұғаттау бойынша оқу-жаттығу жұмыстары болып өтті. Тренингке Қоғамдық қауіпсіздік министрлігінің интернетті бақылау бөлімінің қызметкерлері қатысты. Бұл туралы BBC ақпараттық агенттігі жазды.
BBC ақпараттық агенттігінің Пекиндегі журналисті Джон Судуорттың хабарлауынша, оқу-жаттығу жұмыстары жүрген 2,5 сағаттың ішінде бірқатар сайттар жабылған.
Қытайда соңғы кездері интернет-цензура күшейіп келеді. Орталық партияның пікірінше, "қауіпті" деп табылған кез келген сайт бұғатталып, қызметін тоқтатады. Қытайлықтар шетелдік танымал сайттар мен әлеуметтік желілерге кіру үшін VPN (Virtual Personal Network) пайдаланып келген болатын.
Жеке виртуалды сайттар (VPN) өз қолданушыларына оның мемлекетінде бұғатталған интернет ресурстарға қол жеткізуге арнайы трафик ұсынады. Танымал VPN-дердің қызметі үшін әр қолданушы айына 10 доллардан төлейді.
Жақында Қытай VPN -дерге де тыйым салды. "Ғаламторды тазалау және стандарттау" деп аталатын бірыңғай мемлекетттік саясат аясында жүзеге асып отырған шаралардың қатаңдауын сарапшылар биыл күзде өтетін Коммунистік партияның 5 жылда бір болатын съездінің алдындағы дайындықпен байланыстырады.