Нобель сыйлығының лауреаты Лью Шияубоның әйелі Лю Сяның америкалық қорғаушысы Джаред Сенсер БҰҰ-ның зорлықпен және еріксіз жоғалған азаматтар туралы жұмыс тобына "Лю Сяның зорлықпен ұрланғаны үшін жауапкершілік - Қытай Үкіметінің мойнында" деген мәтіндегі шағым жолдады. Бұл туралы Әл-Жазира (Al-Jazeera) ақпараттық агенттігі жазады.
Лю Ся күйеуінің жерлеу рәсімі өтіп жатқан 15 шілде күні Қытайдың құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қолында, белгісіз жерде болған. Үй қамағында, үнемі күзетшілердің жіті қадағалауында болған ол, тіпті, жұбайының өлімі жөнінде де ешкімге хабарласып, айта алмаған.
Джаред Сенсер APF ақпараттық агенттігіне жолдаған жеке мәлімдемесінде Қытай Үкіметінен Лю Сяның тірі не өлі екендігі туралы ашық ақпарат таратуын және қолды болған азаматшаны денсаулығына зардап келтірілмеген күйде, жанұясы мен қорғаушысына қайтаруын талап етті.
Естеріңізге сала кетейік, Лью Шияубо Қытайда көппартиялық жүйе орнағанын қолдайтын еркін ойлары үшін 2009 жылы 11 жылға түрмеге жабылған белгілі публицист, құқық қорғау қызметкері. 2011 жылы Нобель сыйлығының комитеті оны "Қытайдағы адам құқықтары үшін жалғыз күрескер" деп тауып, оған бейбітшілік орнату жолындағы еңбегі үшін берілетін жүлдені сырттай табыстады. Өйткені бұл әрекеті үшін Нобель сыйлығының комитетін қатаң сынға алған Қытай Үкіметі жолданған ресми хаттар мен өтініштерге қарамастан, оны марапаттау рәсіміне жіберген жоқ. Сол уақыттан бері оның әйелі Лю Ся да, ешқандай айып тағылмастан, үй қамағына алынған.
Осы жылы қаза тапқан Ля Шияубо өлімінен бір ай бұрын, бауыр қатерлі ісігінің асқынуына байланысты түрмеден ауруханаға ауыстырылған болатын. Ол - 1938 жылы геноцид кезінде солақай саясаттың құрбаны болған пацифист Карл Фон Осецкийден кейінгі тұтқын болып көз жұмған тағы бір тұлға.
Атап өту керек, БҰҰ, АҚШ, Еуроодақтың осыдан бұрын Қытай Үкіметін Лю Сяны босатуға шақырған үндеулері жауапсыз қалды.