Шілде айында Түркияның Анталия қаласына 1,8 млн турист келген. Ал Қазақстан осы қалаға барған туристер саны бойынша Ресей, Гермения, Украинадан кейін төртінші орында тұр. 

Сонымен "Анадолу" агенттігінің мәліметінше, Анталия қаласына 68 мыңға жуық қазақстандық барған. Ал ең көп турист Ресейден келген. Олардың саны 685 мың адамға жеткен. Екінші орында Германия. Бұл елден 245,5 мың адам Түркияның курортты аймағын тамашалаған. Ал Украинадан 140 мыңға жуық адам барған.

 Бесінші орында 58 мың адам санымен Ұлыбритания тұр. Одан кейін Нидерланды - 50 мың адам, Беларусь – 37 мың, Бельгия – 34 мың, Польша – 32 мың және Дания – 31 мың адам.

Сондай-ақ, шілде айында Анталия әуежайынан сыртқы рейс бойынша 9 мың ұшақ келіп қонған, ұшып кеткен әуе кемесінің саны да осы шамада. Ал ішкі рейс саны керісінше, үш есеге аз болған.

Айта кетейік, 2015 жылы Түркия Ресейдің Су-24 ұшағын атып түсіргеннен кейін 2016 жылы Ресейден келетін туристер саны 59%-ға қысқарған болатын. Сондай ақ, 2016 жылдың шілде айында Түркияда мемлекеттік төңкеріс жасалмақ болғаннан кейін  және түрлі теракт салдарынан мемлекеттің жалпы ішкі өнімінің 4,5%-ын құрайтын туризм саласы біраз құлдыраған еді.

“The Qazaq Times”