Қазақстанда дәрігерлерге интернеттегі рейтингіне байланысты жалақы тағайындау жүйесін енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлімдеді деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Дәрігердің өзінің жұмыс сапасына қарай еңбекақысын, сыйақысын алғаны маңызды. Ал оның сапасын пациент анықтайды. Мысалы біз кардиологтың кеңесі пациентке көрініп тұратын және ол дәрігердің рейтингін, оған қалдырылған пікірлерді қарап, қажеттілігіне қарай дәрігерлерді таңдай алатын жүйені енгізгіміз келеді", - деді Елжан Біртанов.
Оның сөзінше, науқастың танымал маманды немесе жақсы дәрігерді таңдауға құқығы болады.
«Бұл жүйе ақпараттық және бағалау жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Әрбір пациент былайша айтқанда "лайк" басады және ол жұлдызшалар көрініп тұрады. Егер рейтинг төмендесе емхананың немесе дәрігердің жұмыс сапасына қатысты мәселе көтеріледі. Яғни бұл кері байланыс жүйесі", - деді ол.
Сондай-ақ, ол "дәрігерлер рейтингін жасанды жолмен көтеріп алмай ма?" деген сұраққа "жақсы дәрігерлердің ондайға уақыты болмайды" деп жауап берді.