АҚШ Конгресіндегі республикандықтар мен демократтар Ресейге қарсы жаңа санкциялар енгізу туралы заң жобасын мақұлдап, Дональд Трамптың қол қоюына  жіберді. Бұл туралы BBC ақпараттық қызметі жазады.

Естеріңізге сала кетейік, осыдан бұрын Ресей АҚШ-та өткен Президент сайлауына араласып, оның қорытындысын өзгертті деп айыпталған болатын. Енгізіліп отырған жаңа санкциялар Ресейдің осы астыртын әрекетіне жауап ретінде қолға алынып отыр. Ресей бұл айыптауларды толықтай теріске шығарды, ал АҚШ-та Дональд Трамптың жеңіске жетуіне Мәскеудің қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.

Жаңа құжатқа сәйкес, АҚШ-тың Ресейге Қырымды аннекциялағаны үшін салған бұрынғы санкциялары қатаңдатылады деп күтілуде. Ресейге қарсы қолданылатын жаңа шектеулер, Иран мен Солтүстік Кореяға қарсы орындалатын қатаң шаралардың аясында жүзеге асады. CNN журналистері Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтан жаңа құжатқа қатысты ойын сұрағанда, ол "Өте негативті пікірдемін" деп, қысқа қайырды.

Дональд Трамп бұл құжатқа қол қоюдан бас тартатын вето құқығына ие. Дегенмен АҚШ Президентінің Ресейді қолдап, әрекет етуі оның сайлаудағы жеңісіне Мәскеудің қосқан үлесі зор деген күдікті одан әрі күшейте түсері сөзсіз.

“The Qazaq Times”