Қазақстан балама және атом энергетикасын дамыту жоспары бойынша тек ішкі нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, сыртқы нарықта ірі тасымалдаушылардың бірі болмақ. Бұл туралы Ұлттық экономика вице-министрі  Ернар Бакенов мәлімдеді. 

Оның сөзінше, қазіргі кезде Қазақстанда қуаты 300 мегаватты құрайтын жаңартылған энергия көздерін (ЖЭК) пайдаланушы 50 кәсіпорын жұмыс істейді. Осы себепті де мемлекеттің ЖЭК-ті дамытуға мүмкіндігі бар.

"Әлемде энергетика тиімділігіне және ЖЭК-қа инвестиция тарту ұлғайып келеді. Соңғы он жылда біздің экономикаға 223 млрд доллар шамасында тікелей инвестиция тартылды, оның шамамен 13 пайызы өңдеуші өнеркәсіпке инвестицияланған. Қазіргі кезде Қазақстанда ЖЭК-тің үлесі 10 пайызды құрайды. 2011-2015 жылдар аралығында мұнай эквивалентіндегі энергетика сыйымдылығы 1,8 тоннадан 1,7 тоннаға дейін төмендеген", - деді вице-министр.

Сондай-ақ, ол Қазақстанды дамыту стратегиясы бойынша 2050 жылға дейін Жалпы ішкі өнімдегі энергетика сыйымдылығын азайту жоспарланғанын атап өтті.

Айта кетейік, қазіргі уақытта Қазақстанның ЖІӨ-сін мұнай нарығы қамтамасыз етіп отыр. Сондықтан "балама энергетиканы тасымалдаушы ірі ел боламыз" деген пікір әзірге "арман" болуы мүмкін.

 “The Qazaq Times”