Ақмола облысына қарасты Атбасар қаласында 21 жастағы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің агенті Айдын Айпқалиевтің үстінен терроризмді насихаттағыны үшін қылмыстық іс қозғалды деп хабарлайды centre1.com сайты.

Айдын Айпқалиев үстінен 2017 жылдың 25 қаңтарында ҚР Қылмыстық кодексінің 174 бабының 1 тармағы (Әлеуметтік, рулық, нәсілдік, ұлттық, діни араздық туғызу) бойынша, 256 баптың 2 тармағы (Терроризмді насихаттап, террорлық акт жасауға үгіттеу) бойынша қылмыстық іс қозғалып, қамауға алынған.

Айдын Айпқалиев. Фото: centre1.com

Бірақ, Айдын Айпқалиевтің анасы Гүлжан Айпқалиеваның айтуынша, оның ұлы қылмыскер емес. Ол ҰҚК тапсырмасы бойынша өзге діннің жетегінде жүрген адамдармен араласқан. ҰҚК қызметкерлері олардың үйіне тінту жасауға келгенда Айдын анасына «Мен осыларға жұмыс істеймін. Маған Данияр (ҰҚК қызметкері) тапсырма берген» деп айтқан.

Айдын Айпқалиев қамалуынан бірнеше күн бұрын анасына "Ұлттық қауіпсіздік комитетіне жұмыс істеуден бас тартқаны және олардың оны осы уақытқа дейін алдап келгені жайында да айтқан.

Гүлжан Айпқалиеваның сөзінше, ҰҚК қызметкерлері Айдын Айпқалиевқа «Біздің жұмысымыз адамдарды түрмеге қамау емес, біздің жұмыс терроризмнің алдын алу. Өзге ағымдардың жетегінде жүрген азаматтарды түзу жолға салу» деген. Бірақ  Айдын Айпқалиев өзінің кесірінен өзге адамды соттағаннан кейін ҰҚК-ге жұмыс істеуден бас тартқан. Осы кезде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері оған «егерде бізге жұмыс істемесең, онда сені де түрмеге қамаймыз» деп қорқытқан.

Айдын Айпқалиевтің қорғаушысы Айман Омарованың айтуынша, Айпқалиев 16 жысынан бастап Ұлттық қауіпсіздік комитетіне жұмыс істеген.

Бұл фактіні алғашында осы іс бойынша куәгерлік еткен ҰҚК қызметкері де растаған. Бірақ, кейінен ол бұл сөзінен бас тартқан.

Құқық қорғау органдарының мәліметі бойынша, Айдын Айпқалиев түрлі халықаралық террористік ұйымдардың шырмауына түсіп «ВКонтакте» әлеуметтік желісі арқылы олардың идеологиясын насихаттаған.

Бірақ ҰҚК-ның Айпқалиевқа таққан бұл айыбымен оның қорғаушысы Айман Омарова келіспейді. Оның айтуынша, Айпқалиевтың радикалды діни ұйымдар идеологиясын насихаттауының басты себебі  - жастайынан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің оны осы ұйымдардың арасына кіргізуінің салдарынан. Заң жүзінде ҰҚК-ның Айпқалиевті кәмелеттік жасқа толмай өзіне қызмет істетуге құқығы жоқ.

Қазіргі уақытта Айпқалиевтің жақындары оның қорғаушысымен бірігіп бұл іске байланысты өз зерттеулерін жүргізуде. Олардың ойынша, бұл істің анық-қанығына жету үшін бұл оқиғаға қоғам назарын аударту керек.

“The Qazaq Times”