Алдағы 13 қаңтар күні сағат 17:00-де Астанадағы Тұңғыш президент кітапханасының музейінде «Қаралы қаңтар» - Тәуелсіздікке жол» атты фотокөрме өтеді. Көрме 1990 жылы Бакуде болған трагедияға байланысты болмақ. Бұл туралы Қазақстандағы Әзербайжан Республикасы Елшілігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Фотокөрмені «Мәдениет ықпалдастығындағы диалог» халықаралық музей жобасы аясында, Әзербайжан елшілігі мен Тұңғыш президент кітапханасы бірлесе ұйымдастырып отыр.
Әзербайжан елі 20 қаңтарды қаралы күн ретінде еске алып келеді. Осыдан 27 жыл бұрын, 19-нан 20 қаңтарға қараған түні Совет Одағы басшылығының бұйрығымен Бакуге қарулы әскер кіріп, бейбіт тұрғындарды оққа ұстады. Әскер кірмес бұрын, қарапайым халық Арменияның Әзербайжанға қарулы агрессиясын тоқтату туралы, Одақ пен Республика басшыларына наразылық ретінде митинг өткізген болатын. Яғни, Әзербайжан территориясы саналатын Таулы Қарабах оқиғасына байланысты талаптарын білдірген.
19 қаңтар күні советтік мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің «Альфа» ерекше бөлім жасақтары Әзербайжан телеарнасының энергоблогын талқандап жіберді. Жұрт не болып жатқанынан хабарсыз қалды. Тек қалада төтенше жағдай жарияланғанын тек қаланы басып алған Совет армиясының тікұшақтардан тастаған үгіт қағаздары арқылы ғана білді.
Сол күнгі қанды оқиғадан 134 бейбіт тұрғын қаза тауып, 700-дей адам жараланды. Әскери техника адамдардың тобын таптап өтті. Әскер кірген соң, қарсы шыққан белсенділерді тұтқындай бастады. Бұған қарамастан, 22 қаңтар күні қайтыс болған адамдардың жаназасына 1 миллионнан астам адам қатысты. Құрбандар қойылған сол Таулы бақ, осы күні Батырлар аллеясы деп аталады. Бұл күн Әзербайжан тарихына «Қаралы қаңтар» болып енді.
Арада қанша уақыт өтсе де, Әзербайжан халқы осы күнді ардақтап, әр жылы 20 қаңтарды қасіретті күн ретінде еске алады.
Осыған байланысты Әзербайжан-Қазақстан екі ел фотокөрме арқылы жұрт назарын «Қаралы қаңтарға» аудармақ. Сол арқылы, қарулы әскердің бейбіт тұрғындарды қан қасапқа салған ауыр трагедиясын қоғаммен бірге бөліспек.
Бұл фотолар Әзербайжан халқының күшті, қуатты рухының тірі куәсі. Ерлікпен қаза болғандарың ісі – азазттық және Отан ұғымдарының бос сөз емес екенін дәлелдейді.
1990 жылғы 20 қаңтар оқиғасы Совет Одағының ыдырауындағы қозғаушы күштердің бірі болды. Ссондай-ақ, Әзербайжанға баға жетпес тәуелсіздікті алып берді деуге болады.
"The Qazaq Times"