Ресей президенті Владимир Путинге қастандық ұйымдастырған қазақстандық Илья Пьянзин одан кешірім сұрады.
33 жастағы Қазақстан азаматы Илья Пьянзин 2013 жылы Ресей президенті Владимир Путинге қастандық ұйымдастырғаны үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.
Пьянзин кешірім хатында Путиннен «Қастандық жеке сізге бағытталған соң. Кешірімді де жеке өзіңізден сұрауды жөн көрдім» - деген. Бірақ Пьянзиннің Путинге жазған хаты президентке жетеді ме, жетпейді ме ол жағы әзірге белгісіз. Себебі ол кешірім хатты бірінші Илья Пьянзин жазасын өтеп жатқан №26 калония басшылығы мен Самара облысы губернаторына қарасты арнайы комиссия қарайтын болады.
Естеріңізге салайық Илья Пьянзин 2012 жылы Ресейде тыйым салынған «Имарат Кавказ» террорлық ұйымына мүше Шешенстан азаматтары Адам Осмаев және Руслан Мадаевпен бірігіп Владимир Путинге қастандық жасамақшы болған.
2012 жылдың қаңтар айында Мадаев қолдан жасалған жырылғыш затты сынақтан өткізу барысында көз жұмып, Пьянзин жарақат алып ауруханаға түскен. Ал Осмаев қашып кеткен еді. Кейінен Осмаев пен Пьянзинді Украинаның Одесса қаласында жасырынып жүрген жерлерінен жергілікті полиция қызметкерлері ұстап қамауға алған болатын.
2012 жылы Украина үкіметі Пьянзинді РФ сұрауы бойынша Ресейге экстрадициялап, ол РФ Қылмыстық кодексінің 277, 209, 222 және 223 баптары бойынша кінәлі деп табылып 10 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Ал Осмаев Еуропаның адам құқықы жөніндегі сотына арыз жазып, сот Украинаға Осмаевты саяси себептерге байланысты Ресейге бермеу жөнінде үкім шығарған. Осыдан кейін Одесса қаласының соты Адам Осмаевты заңсыз қару сақтағаны үшін 2 жыл 9 ай 14 күнге соттаған болатын.