Ресей Сталинның бұйрығымен атылған поляк офицерлері жерленген Катын жерінде, қызыл армия әскерлері ұсталған Польшаның концлагерьлері туралы көрме ұйымдастырмақ. Бұл туралы бастаманы "Ресей әскери-тарихи қоғамы" көтеріп отыр. 

Поляк жерінде 1920 жылдары жұмыс істеген,  мыңдаған әскерилер көз жұмған концлагерьлердің көрмесін құру туралы әлі ресми шешім қабылданған жоқ. Бірқатар сарапшылар бұл бастаманы Польшаның "Коммунизмді насихаттауға тыйым салу туралы" заңына сәйкес жуырда елдегі 500-ге жуық кеңестік ескерткіштерді алып тастау туралы жарлығына жауап деп бағалайды.

Дәл осы бұйрық қабылданған кезде Ресей Мемлекеттік Думасының депутаты Николай Харитонов: "Польша жерінде 600 мың  кеңес әскері жанқиярлықпен жан тапсырған. Оларға арналған ескерткіштерді құлату - үлкен қателік. Польшаның бұл әрекеті үшін Ресей онымен дипломатиялық қарым-қатынасын үзіп, елшіні мемлекетке қайтарып алуы керек", -деп ұсыныс білдірген еді.

Поляк корреспонденті Пшемыслав Мажец Ресейдегі бастамашылдардың пікірін Катын оқиғасындағы өз кінәларын жоққа шығаруға тырысуға балайды. "Ресей Катындағы жаппай қырып-жою әрекетін Польша жерінде азапталған әскерилер үшін жасалған жауап ретінде көрсеткісі келеді, Мұндай насихатты ресейлік тарихшылар Михаил Горбачевтің Коммунистік Партияның хатшысы болған кезінен бастап жүргізіп келеді", - дейді.

Катын - поляк офицерлері, шенеуніктері мен әскерилері жаппай өлтірілген орын. Жарияланған мұрағат деректеріне қарағанда Сталиннің 1940 жылғы бұйрығымен мұнда 21 мың 857 адам атылған.

“The Qazaq Times”