Оңтүстік Корея Корей Халық Демократиялық Республикасына әскери мәселелер бойынша келіссөздер жүргізуді және "Қызыл Крест" желісі бойынша кездесулерді ұйымдастыруды ұсынуға дайындалып жатыр, деп хабарлайды Ренхап агенттігі.
Осыдан бұрын Оңтүстік Корея Президенті Мун Чжэ Ин Солтүстік Кореямен екі ел арасындағы салқын қарым-қатынасқа байланысты туыстарынан қол үзіп қалған азаматтарды жақындарымен қайта қауыштыру және ата-бабаларының зираттарына баруға мүмкіндік беру туралы келісімге келу ниетін білдірген болатын.
Екі елдің бірігуі мәселесі бойынша министрліктің өкілі Ли Юджин: "Біз қазір Солтүстік Кореяның жауабын күтіп отырмыз. Екі ел арасындағы әскери мәселелер бойынша келіссөздердің барысы мен мазмұны жақын күндері жарияланатын болады", -деді.
Сарапшылардың пікірінше, Оңтүстік Корея тарапынан ұсынылған әскери бағыттағы келіссөздер шекарада дауыс ұлғайтқыш құрылғы арқылы күн сайын жүргізілетін насихат жұмыстарын тоқтатуға байланысты болуы мүмкін.