«ForteBank» АҚ-ның Қаскелең қаласындағы бөлімшесінде Алматы облысының әкімі Амандық Баталов пен «ForteBank» АҚ Басқарма төрағасы Мағжан Әуезов өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Меморандум облысты дамытуға арналған жобаларды қолға алып, халыққа сапалы банк қызметін ұсынуға мүмкіндік береді.
"Бүгін облыс әкімдігі мен банк арасында ынтымақтастық туралы меморандум жасасып отырмыз. Бұл екі тараптың тың мүмкіндіктеріне жол ашып, қол қойылған меморандум облыстағы орта және шағын бизнесті дамытуға көмектесетініне сенімдіміз", - деді Амандық Баталов.
ForteBank "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры мен Еуропалық қайта құру және даму банкінің бағдарламалары арқылы орта және шағын бизнеске тиімді қаржы шарттарын ұсынып, белсенді жұмыс істеп отыр. Қазіргі уақытта Даму қоры арқылы 2,7 млрд теңгеге 37 жоба, ал ЕҚДБ арқылы 470 млн теңгеге 12 жоба қаржыландырылған.