Бүгін Астанада робототехника чемпионаты басталды. Қазақстанның әр өңірінен жиналған 300-ге жуық жас өнертапқыш елорданың төрінде бас қосты.
"Expo-2017" халықаралық көрмесінің аясында өткізіліп отырған жарыстың ұлттық координаторы - Назарбаев зияткерлік мектептер желісі. Өнертабыстары үздік деп бағаланған оқушылардан құралған топ күзде Коста-Рикада өтетін халықаралық олимпиадада Қазақстанның атынан өнер көрсетеді.
Байқау талаптары қатысушылардың жас ерекшеліктеріне байланысты. Қызылордадан келген Дамир Мұңайтпас есімді жеткіншектің айтуынша, олар тапсырманы осыдан жарты жыл бұрын алған. Жас өнертапқыш өз тобымен бірге роботқа арналған бағдарламалау тілін жазып шыққан. Чемпионаттың ережесі бойынша, дайын робот бірнеше бөлшектерге ажыратылып, қатысушылардан белгіленген уақыт ішінде оны қайта жинау сұралады.