Сауд Арабиясы бастаған араб елдерінің бірлесе Катарға орнатқан дипломатиялық дағдарысы соңғы жылдардағы өңірдегі ең үлкен дипломатиялық қайшылық болып қалды. Ал, жақында араб елдері Катарға салынған санкцияны алу үшін өз талаптарын қойған болатын. 13 түрлі талаптың арасында «әл-Жазира» телеарнасын тоқтату және Түркияның Катардағы әскери базаларын жабу керек деген талап та бар.

“The Wall Street Journal” басылымының хабарлауынша, аталған талаптар жариялана салып, бірнеше сағат өткеннен кейін Түркия тарабы арнайы хабарлама жариялап, Катардағы өз әскери базаларын көшіру ниетінің жоқ екенін айтты. Сауд Арабия бастаған елдердің талабы үшін, 2014 жылы жасасқан екіжақты келісімге қайшылық жасамайтындарын айтып өтті. Рамазан айында басталған мұсылман елдері арасындағы бұл қайшылық жақын арада шешімін таба қоймасы анық. Себебі, Сауд Арабиясы бастаған елдердің шарттарына Катар жағы келісім бере алмайды.

Араб елдері қойған талап арасында Катарға «Мұсылман бауырлар», Ливан Қарулы Күштері, «Хезболла» және өзге ұйымдармен ат кекілін кесісу керектігі айтылған. Себебі, Сауд Арабиясы мен оның одақтастары бұл аталған ұйымдарды басты террорлық топтар болып, Шығанақ аймағына қауіп төндіреді деп санайды. Оған қоса жолдамада көрсетілуінше,  Тимим бин Хамад әл-Тани басшылық еткен Катар үкіметі бұл талаптарды он күн ішінде қабылдау шешімін жариялау керек екен. Бұл талаптарды қабыл алмайтын болса Сауд Арабиясы бастаған елдер кез-келген уақытта Катарға қарсы жазалау алып бармақ. Айталық, Катар оппозициялық күштерге ақпараттық қолдау беріп, ықпалы артып отырған «әл-Жазира» телеарнасы үшін айыппұл төлеуі тиіс.

“The Qazaq Times”