Өзбекстан Республикасы – Орталық-Азия елдерінің бірі. Қазақстанның оңтүстік көршісі. Елімізге Маңғыстау, Қызылорда, ОҚО, Жамбыл облыстары арқылы шекараласады. Құрамында бір автономиялы республика (Қарақалпақстан) және 12 облыс бар. Ресми деректер бойынша халық саны 31,1 млн адам. Халық санының орта есеппен жылдық өсім мөлшері 1,7 пайыз. Яғни, жылына шамамен 459 мың адамға көбейеді. Халықтың орташа ұзақ жасы 64 жасты құрайды. Өзбектер жалпы республика халық санының 75 пайызын ұстайды. Орыстар 7,4 пайыз, тәжіктер 4,7 пайызын, ал, қазақ ұлты 4,1 пайызын иелейді.

Өзбекстан Қарулы күштері

1992 жылы қаңтарда Өзбекстан Республикасы Ұлттық гвардиясы құрылды. Бұрынғы Кеңес Одағының бір мотоатқыштар дивизиясы, екі әуе күштері полкі мен бір әуеден қорғаныс полкі, жаңадан құрылған Өзбекстан қарулы күштерінің негізі болып қаланды.

1992 жылы шілдеде Өзбекстан Республикасы Қорғаныс министрлігі құрылды.

1994 жылы 13 шілдеде Өзбекстан НАТО-ның 22-ші бейбіт серіктес бағдарламасындағы елге айналды.

Негізгі әскери қуаты

Өзбекстанда әскери жаттығудағы және қосалқы әскер қатарындағы белсенді әскерилер саны 382 мың адам. 350 мың адамы құрлық әскери жаттығуларынан өткен. Теңіз күштері 2500 адам, әуе күштерінде 30 мың жауынгер, ал әскерге шақыруға дайын адамдар жыл сайын 600 мың адамнан асады. Елдегі тұрақты әскерилендірген күштерде 50 мың адам бар.

2016 жылғы Жаһандық әскери қуаттылық рейтингісінде (Global Firepower Military Ranks-2016) Өзбекстан 126 мемлекет ішінде 53-ші орынды иелеп, Орта Азия елдері арасында алдынғы орынға шықты. Аталған рейтингте Қазақстан 66-шы орыннан көрінді. Сонымен бірге бұл көрсеткіште Өзбекстандағы әскери қызметке жарамды адам саны 13,3 млн адам делінген.

2010 жылғы ресейлік «Әскери өнеркәсіп журналы» басылымында көрсетілуінше, Өзбекстанның Құрлық армиясында 27 бригада бар делінген.

Құрлық армия қосыны

Өзбекстан армиясының ең қуатты қосыны құрлық қосыны деуге болады. 250 мың адам құрлық әскери жаттығуынан өткен. Одан сырт 100 мың адам құрлық әскер қатарына дайын. Тұрақты Құрлық армия жауынгерлері 40 мың. (1 танк бригадасы, 10 мотоатқыштар бригадасы, 1 далалық соғыс бригадасы, 1 десанттар бригадасы, 1 әуеден шабуылдаушы бригада және инженерлер батальонынан төртеуі бар)

Өзбекстан армиясы құрлықтық қосынында танк және брондалған әскери көлікті қосқандағы жалпы саны шамамен 7100. Әртүрлі артиллериялардың жалпы саны 8100. Жақын аралықта атылатын зымыраннан 6 дана, танкке қарсы зымыраннан он нешесі бар. Бірнеше әуе шабуылынан қорғануға арналған зымырандары да бар. Құрлық қосынына тиесілі 24 тік ұшақ бар.

Теңіз армия қосыны

Өзбекстан Су күштері негізінен арал теңізіндегі шекараны қорғауға арналған. Теңіз армиясында 2500 жауынгер, әртүрлі типтегі 20 кемесі бар. Оның ішінде екеуі су үсті соғыс кемесі, ал өзгесі тасымал, құтқару және су айдынын шарлау қызметіне арналған кемелер.

Әуе күштері

Өзбекстан Әуе күштері мен Әуе қорғанысы күштерінде 8500 адам бар. Әуе күштеріне қарасты 4 әуе армиясы бригадасы, бір тікұшақ қосыны, бір көлік қосыны, 1 тікұшақ бригадасы мен бір авиациялық оқыту орны бар. Оларға тиесілі түрлі типтегі ұшақ саны 470. Негізгі әуе күші 137 шабуылшы, тосқауылшы ұшақтар және 100 шамалы тікұшаққа сүйенеді.

Өзбекстанның негізгі авиация базасы Әндіжан, Қаршы, Термез, Чирчик, Наманган, Ташкент қатарлы жерлерге орналасқан.

Ішкі әскери күштер

Ішкі істер департаментіне қарайтын 30 мыңға жуық әскерилер бар. Бұлар 1 арнаулы міндет өтейтін бригаданы, 1 патрульдік бригада, бір күзетшілер полкін, бір арнаулы қосынын, 2 барлау агенттігі мен 2 барлаушылар батальонын құрайды.

Қорғаныс министрлігіне қарайтын шекара қорғаушы жауынгерлер саны 15 мың адамға жетеді. Олар 13 шекара қорғау бригадасы мен 2 үлкен шекара гарнизоны және 2 кіші әскери казармасын құрайды.

4 үлкен әскери қолбасшылық бас штабқа бөлінген.

Президент күзетіне арналған мыңға жуық әскери қызметкер бар, оған қоса Ұлттық гвардия мыңға жуық әскерден құралған. Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты 10 мың адам, құрамына бір Азаматтық қорғаныс тобы, бір Жылдам реакция батальоны, Құтқару командасынан біреу және бір таулы аймақта құтқару қызметін атқарушы батальон бар. Бұлардан бөлек үш запас батальоны жасақталған.

Әскери техникасы

Танк: жалпы саны 420, Құрлық армиясында 340 танк бар. (Жартысына жуығы ескі Т-62 тұрпатты танктер)

Әскери көлік: 210 жаяу әскер жауынгерлік машиналары (БМП). 190 парашютшы-десантшыларға арналған көліктер (БМД). 500 сауытты тасымал көліктері бар (БТР)

Артиллериялар: өздігінен жүретін артиллерия 140 дана. Сүйрелмелі артиллериялар 200-ге жуық.

Зымырандар: 80 дана зымыран қондырғылары бар.

Соғыс ұшақтары: 30-дан астам Су-24 бомбылаушы ұшақтары бар. 20 дана Су-25 шабуылдаушы ұшақ. 30-ға жуық МиГ-25, МиГ-29 және Су-27 жойғыш ұшақтары бар. 40-тан астам тасымалдаушы ұшақ, 30 да 50 шамасындағы Ми-24 жауынгерлік тікұшақтары мен 90 дана көлік және коммуналдық тікұшақтары бар.

Әскери бюджеті: 2007 жылдан бері Өзбекстан әскери бюджетте Орта Азия елдері арасында алдынғы орында келеді. 2006 жылы Өзбекстанның қорғаныс қуатына бөлген қаржысы 809 млн АҚШ долларын құрады. 2007 жылы $900 млн. 2008 жылы $ 1.08 миллиард. 2009 жылы $ 1.238 млрд. 2010 жылы $ 1,422 млрд. 2011 жылы $ 1,568 млрд дейін көтерілді. 2014 жылы 2 млрд АҚШ доллары бөлінді.

“The Qazaq Times”