Қазақстан және Таиланд өзара визасыз режим туралы құжат келісімін жылдамдатып жатыр. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Мұхтар Тілеуберді мен Таиланд Корольдігі Сыртқы істер министрінің орынбасары Вирасакди Футракулмен кездесуі кезінде талқыланды, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
Кездесу барысында тараптар екіжақты қарым-қатынастардың саяси, экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени салалардағы жай-күйі мен келешегі туралы пікір алмасты.
Қазақстандық тарап Қазақстан мен Таиландтың азаматтары үшін визасыз режим орнатуды ұсынды. Екі елдің сыртқы саяси ведомстволарының орынбасарлары тиісті үкіметаралық келісімнің жобасын қарастыру процесін жылдамдатудың қажеттігі жөнінде ортақ пікірге келді.
Кездесудің қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Таиланд Корольдігінің Үкіметі арасындағы дипломатиялық және қызметтік/ресми паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімге қол қойды.