Ертең маусымның 22-25 күндері аралығында Астанада «ЭКСПО-2017» көрмесімен қатарласа Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының құрылтайы өтеді. Бұл құрылтай өз тарихында 1992 жылдан бері бесінші рет өткелі тұр. Құрылтай бес жыл сайын өткенмен бүгінге қысқаша есеп беретін уақыт келген сияқты. Осыған байланысты бүгін біз Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының осы уақытқа дейін атқарған жұмыстарына қысқаша тоқталуды жөн көрдік.
Алғашында қазақтың белгілі қаламгері Қалдарбек Найманбаев Дүниежүзі қазақтары қауымдастығын басқарып тұрған кезде қауымдастық тәп-тәуір жұмыс атқарды. Шетелден келген қазақтарды тіркеуге тұрғызуға, азаматтық алып беруге көп көмек жасалды. Ол кезде қауымдастық тарапына сын айтушылар жоқтың қасы еді. Ал 2004 жылы Президент, Дүниежүзі қазақтар қауымдастығының төралқа төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің бірінші орынбасары етіп Талғат Мамашевты тағайындағаннан бастап қауымдастық басына қара бұлт үйірілді. Қауымдастық жұмысына сын айтушылардың қарасы көбейді. 2013 жылы жазушы, драматург Дулат Исабеков Монғолиядан Қазақстанға келген 800 қазақтың Монғолияға қайта кетуіне байланысты Президенттен осыған жауапты адамдарды жазаға тартуын сұрады. Назарбаев Дулат Исабековтың бұл сұранысына жауапты адамдарды жазалаймыз, шара қолданамын деумен шектелді. Сол уақыттан бері Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы қатты өзгеріп кеткені шамалы, қауымдастықтың қазіргі атқарып жатқан жұмысына қарасаңыз «баяғы жартас сол жартас» күйінде екеніне көзіңіз жетеді. Бұған 2016 жылы Монғолияның Баян-Өлгий аумағындағы 150 қазақ отбасының үйі су астына кеткенде қауымдастық төрағасының өкілдерінің журналистердің «Монғолияның селден зардап шеккен қазақтарына біз не істей аламыз?» деген сұрағына «Онымен Мәсімовтың үкіметі айналысады» деп қысқа жауап қайырғаны дәлел. Сонда қауымдастық бұл жұмыстарды өз күшімен атқаруға қауқарсыз ба? Әлде Баян-Өлгийдегі қазақтардың хәл жағдайын білуге құлықсыз ба?
Бұл жайында ақын, аудармашы Жүкел Хамай былай дейді: «Меніңше шетелдегі қазақтарды елге әкелу, оларға жұмыс орнын дайындау тағы сол сияқты мәселелер - мемлекеттің құзырында болуы керек. Біздің елде бұған қатысты заң, заңнамалар бар. Азаматтар сол арқылы жұмыс істеу керек. Қауымдастық шетелдегі қазақтармен байланыс жасау, олардың жағдайын қосымша қадағалау, рухани жәрдем беру, қаражат мүмкіншілігіне байланысты өзге де, мәдени шараларға ат салысу, олардың басын қосып, ұсыныс пікірлерін тыңдау, оны тиісті органдарға жеткізу деген сияқты белгілі аяда қызмет жасайды. Сол себепті кезекті құрылтайды да өз шеңберінде түсінген жөн. Құрылтай өз тарапынан мемлекетаралық шешім шығаруға құзырлы емес. Ескіше айтқанда, Күлтөбеге бір жиналып, ағайындардың арман арызын тыңдау ғой! Ал, қазіргі әлемдік саясатта болып жатқан өзгерістерге байланысты бұл жолғы құрылтайға дипломаттар, заңгерлер, мемлекет қызметтегі азаматтар көбірек тартылып, қауымдастықтық жарғысында саяси жағдайлардан туындайтын күрделі мәселелер ортаға салынса пайдасы артар еді».
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының мемлекетаралық шешім шығаруға қауқары да, күш, жігері де жетпейтіні белгілі. Бірақ шетелдегі қазақтарға барып рухани кеш өткізіп, ән айтып,би билеуден бұрын қауымдастықтың міндетіне Қазақстан үкіметі мен сол шетелдердегі қазақтардың арасын жалғайтын алтын көпір болу кіректігін ұмытпаған да жөн шығар. Жалпы егер қауымдастық міндетіне тек үлкенді-кішілі құрылтай, жиындар, рухани кештер өткізу ғана кіретін болса ол қауымдастықтың нендей қажеттілігі бар сонда? Бұл жолғы өтейін деп жатқан құрылтай шетелдердегі қазақтарға не береді?
Ақын Құл-Керім Елемес Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының құрылтайы жайында өз ойын былай жеткізді: «Мен алдыңғы өткен құрылтайлар сияқты, бұл құрылтайдан да ештеңе күтпеймін! Шеттен біраз уәкіл шақырылып, қала көріп, ел көріп, жер көріп, концерт-шоу көріп, ары кетсе ақындар айтысын, доп жарысын өткізіп, ЭКСПО-ны тамашалап, ішіп-жеп, "құрылтай өткізілді" деген хаттамаларға қол қойысып, естелік суреттерге түсісіп қайтатын болар. Сөйтіп тарасу аталмыш құрылтайдың осыған дейінгі ұстанымы, әдеті, жетістігі болды ғой. Одан артық бір маңызды мәселе шешіп қайтады дей алмаймын».
Әрине, көші-қон мәселесін, сырттағы 5 миллион қазақтың елге оралуы мәселесін, олардың елге келгендегі орналасу жағдайын түзеу, төлқұжат, жер телімін беру, баспанамен қамдау, қағазбастылықтан арылу сияқты маңызды мәселелердің кемінде біреуін болса да шешіп немесе үкіметтің алда шешетініне заңды кепілдік ала алған болса, құрылтай шын мәнінде өзінің құрылтайлық міндетін атқарған болар еді. Өйтіп жатса, қане?!
Қауымдастық ширек ғасыр қоғамдық ұйым болып отыра бермеуі, үкіметтік мекеме болуға, комитет, тіпті министрлік болып құрылуға ізденуі керек. Сырттағы миллиондаған қазақтың қандай да бір ісімен айналысатын қай мекеме болса да өзінің ұлттың аса маңызды ісімен шұғылданып отырғанын білулері, ол істің өздеріне артып отырған ұлттық жауапкершілігін толық сезінулері керек. Онда істеушілер әсте сырттағы мұғажырлардың есебінен жан бағу, өмір сүру мақсатында болмауы тиіс. Шеттегі 5 миллион қазақтың елге оралуы еліміздің адамгершілікті ісі ғана емес, керісінше, оның ұлттық мемлекет ретінде жасап тұруының кепілі екенін білгені жөн.
Бұл істе басшылықтың маңызы зор. Сондықтан Қауымдастықтың негізгі жұмысын атқаратын орынбасарларды тез-тез алмастырып, іскер тұлғаларды таңдап істетіп отыруы шарт. Бұл орын әсте зейнеткерлердің орны болмағаны дұрыс...
Жалпы Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы жайында жазушы, драматург Дулат Исабеков: «Осы шетелдердегі қазақтардың мүддесін қорғайды деп Дүниежүзі қазақтары қауымдастығын аштық. Сол қорғау керек барлығын. Қазір ол өзінің негізгі мақсатын ұмытып кеткен сияқты. Кейде олардың мүддесін қорғамақ түгілі соларға қарсы жұмыс істеп жатқан құрылымдар бар сияқты көрінеді ішінде. Таза пиғылды адамдар емес сияқты, қазағына жаны ашымайтын адамдар сияқты болып көрінеді маған. Біз Ресейдің саясатын пайдалануымыз керек. Олар Ресейден тысқары тұратын орыстарды диаспора деп есептемейді. Олар оны ұлттың бір бөлігі деп есептейді. Егер шетелдегі екі орыс Путинге арыз жазатын болса, олар шуылдап кіріп кетеді. Ал бізге ол бәрібір сияқты. Біз осындай шетелдегі ұлтымыздың мүддесін қорғамақ түгілі, кейде шетелдегі қазақтардың қамын ойлаған адамдардың да сөзін аяққа таптап өтіп кететін сияқтымыз. Бұны үлкен бір мемлекеттік дәрежеде саяси іс-шара ретінде көтеруіміз керек. Егерде шетте жүрген қандастарымызға қысастық жасайтын болса сыртқы істер министрлігі сол елге хат, керек болса нота жолдауы керек».
Осыған байланысты Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, жазушы Қуандық Шамахайұлы былай дейді: «Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы биыл бесінші рет өткелі жатыр. Алдыңғы құрылтайлардың бірлі-жарымына қатысқанмын. Осыдан бес жыл бұрын өткен құрылтай ұлт көшбасшысына алғыс пен мадақ айтуымен ғана есте қалды. Биылғысы да одан асып тым алысқа шаба қоймас. Жалпы, бұл құрылтайдан өз басым ештеңе күтпеймін. Шетелден біраз таныс-біліс адамдар келеді. Кездесіп қауқылдасармыз, ас ішерміз, аяқ бостармыз. Айтатын сөздеріміздің де парқы белгілі ғой. «Бес жыл бұрын келгенде Астана мұндай емес еді. Қазір адам танымастай өзгеріп кетіпті. Осының бәрі сіздің арқаңыз, Нұраға» т.с.с. Баспанасыз жүрген ақын-жыршы балаларға мінберден ода өлеңдерін оқуға шанс берілсе, құба-құп. Тартымды әдемі өлеңінің арқасында пәтерлі болып қалуы бек мүмкін. Бұл да керек. Несі жаман? Жалпы, көңіл көтеруге қолайлы жиын. Жан-жақтан мадақ сөз көп естіген соң өзің де марқайып, әжептәуір оптимист болып қаласың. Ары қарай ештеңе өзгере де қоймайды. Сол баяғы өгіз аяңмен кете береміз ғой.
Қауымдастыққа ҚХА-нан да артық статус беріп, Алматыдан көшіріп Астанаға әкелу керек. Қауымдастыққа Президент Әкімшілігінің ғимаратынан ойып тұрып орын берген жөн болады. Елбасы өзі төрағалық ететін ұйымды қазіргідей провинциялық бір мегополис екен деп Алматыда жұртта қалғандай етіп тастауға болмайды ғой. Сосын, төрағасының орынбасарына қазіргідей зейнеткер ақсақалды емес ҚХА-ның абыройын көтерген Ералы Тоғжанов секілді мықты тұлғалы азаматтардың бірін тағайындау қажет».
Қорыта келгенде әрине бұның барлығын айту бір басқа да, оны жүзеге асыру, мемлекеттік деңгейге көтеру бір басқа. Қазіргі таңда шетелдерде 6 миллионнан астам қазақ тұрады. Олардың мүддесін Қазақстан халқының Ассамблеясы емес, басқасы емес, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығынан өзге ешкім қорғамасы хақ. Қауымдастық жұмысын Ассамблея деңгейіне көтеру үшін Президент осы құрылтайдан кейін қауымдастықтағы орынбасарларын қазақ мүддесі үшін жұмыс істей алатын жас кадрларға ауыстырғаны дұрыс шығар. Әйтпесе қазіргі қауымдастық басшылығымен сырттағы қазақтардың мүддесін қорғау туралы айту артық. Күлтөбенің басында күнде жиын өткізуден ас ішіп, аяқ босатқаннан басқа түк пайда жоқ.