Стамбұл соты оппозициялық Түркия халықтық республикалық партиясының көшбасшысы, парламент депутаты Енис Бербероғлыны 25 жылға бас бостандығынан айырды.
Бербероғлыға «Жумхуриат» (Республика) басылымына Түркия үкіметінің беделін түсіретін құпия құжаттарды берді деген айып тағылған. Стамбұл прокуратурасы соттан Енис Бербероғлыны өмірлік бас бостандығынан айыруды сұраған, бірақ сот оны 25 жылға соттаған.
Енис Бербероғлының партиялас жақтастары бұл істі ел билігінің оппозиция өкілдерін қорқытуы деп бағалады. Олардың айтуынша, Бербероғлының 25 жылға сотталуы елдегі сот жүйесінің толықтай билік қолында екенінің көрінісі.
2015 жылдың мамыр айында «Жумхуриат» (Республика) журналистері Түркияның оңтүстігінде қару-жарақ тиелген жүк көліктері бейнеленген видео жариялаған еді. «Жумхуриат» журналистері бұл қарудың Түркия арнайы қызметіне тікелей қатысы бар екендігін айтып, қару-жарақ Сүрия аумағында соғысып жүрген лаңкестік ұйымдарға арналғандығы жайында ақпарат таратқан болатын.
Ал Түркия билігі Сүриямен арадағы шекарада ұсталған жүк көліктерінде сүриялық түркімендерге арналған гуманитарлық көмек қана барын айтқан.
2015 жылы күзде «Жумхуриат» (Республика) газетінің бас редакторы Жан Дурдар мен журналист Ердем Гүл мемлекетке опасыздық жасады, тыңшылықпен айналысты, ел билігіне жала жапты деген айыппен қамауға алынған болатын. Кейіннен Дурдар бес жыл, он айға, Ердем Гүл бес жылға бас бостандығынан айырылған еді.
«Жумхуриат» басылымының бас редакторы мен журналисті үстінен сотқа арызды ел президенті Режеп Тайып Ердоғанның өзі жазған болатын.