Әлемде гелий өндірісі бойынша екінші орынға ие Катар инертті газ өндіретін кәсіпорындардың өндірісін тоқтатуға мәжбүр болды. Бұған көрші елдердің экономикалық байкот жариялауы себеп, деп хабарлайды Reuters ақпарат агенттігі.

Катар еліне әлемдегі гелий өндірісінің 25%-ы тиесілі. Елдегі өндіріс кәсіпорындары әлемді жылына 2 млрд куб фут сұйық газбен қамтамасыз етеді. Мысалы Qatar Petroleum мемлекеттік мұнай-газ филиалының RasGas ұйымы елдегі инертті газ өндіретін екі бірдей кәсіпорынды басқаратын. Алайда Reuters агенттігінің мәліметінше, қазіргі кезде бұл екі зауыт та жабылған. Себебі Сауд Арабиясы Катармен шекараны жапқандықтан, гелий экспорты да тоқтатылған.

Сондай-ақ, америкалық Kornbluth Helium Consulting филиалының басшысы Фил Корнблут Катардағы зауыттардың гелий өндірісін тоқтатқанын нақтылады. Оның сөзінше, бұл жағдай әлемдік гелий нарығына әзірге әсер ете қойған жоқ. Тұтынушылар нарықта бар қорды пайдаланып жатыр және Оман немесе Доха арқылы жеткізілетін баламалы нұсқаларды пайдалануда.
Сондай-ақ, Фила Корнблут "егер Катар мен оған көрші елдер арасындағы қақтығыс бір айға немесе одан да көп уақытқа созылар, онда гелий нарығында жаһандық тапшылық болады" дегенді айтады.

"Гелий өндірісі шынымен қиын жағдайға қалды. Бар мәселе Катардың осы газ түрін өндіретін ірі өндіруші екенінде болып отыр. Енді шикізатты жеткізу бірден тоқтап қалды", - дейді ол.

Ескеретін жайт, гелийдің ірі өндірушілерінің бірі АҚШ елінде қор азайып жатыр. Себебі сұраныс арта түскен. Тіпті бұл елдің өзі Катардан сұйық газды импорттай бастаған. Сондай-ақ, гелийді ірі көлемде өндіретін елдер қатарында Ресей, Алжир, Канада, Қытай бар.

Бұдан бөлек гелий экспорттайтын Жапония сұйық газдың бір айға жететін ғана қоры қалғанын мәлімдеді. Ал немістің Linde трансұлттық химиялық компаниясы тұтынушыларын гелиймен қамтамасыз етудің басқа жолдарын қарастырып жатыр.

Айта кетейік, бұдан бұрын Біріккен Араб әмірлігі, Бахрейн, Египет және Сауд Арабиясы Катармен арадағы дипломатиялық қатынастың үзілгенін мәлімдеген. Олардың айтуынша, Катар лаңкестік, экстремистік және конфессияаралық топтарды қолдап, қаржыландырып отыр.  Сондықтан Дохамен арадағы дипломатиялық миссия және дипломатиялық қызмет көрсету тоқтаған. Енді теңіз, әуе қатынастарын тоқтатпақ.

“The Qazaq Times”