Көлік жүргізушілер бензин бағасының бірден көтеріліп кетуіне байланысты сұранысты азайтып жатыр. Мұның себебі - өткен жылы АИ-92 маркалы бензиннің бағасы 13%-ға немесе 15 теңгеге қымбаттаған. Мұндай мәліметті finprom.kz агенттігі келтіріп отыр
Тұтынушылар баға бұлай шарықтап кеткен соң, отынның арзан түрі газға ауыса бастады. 2016 жылы газ отынының сатылымы 43%-ға артқан және 457,8 мың тонна газ сатылған. Сатылымнан түскен қаржы екі есеге көбейіп, 28,9 млрд теңгені құрады.
Автобекеттердегі газ сатылымы 2015 жылы Үкімет бензин мен дизель отынының бағасын мемлекеттік реттеуден бас тартқаннан кейін көбейе бастады.
Айта кетейік, 2015 жылдың қыркүйек айында ҚР Үкімет жанармай тапшылығын жою мақсатында АИ-92/93 маркалы бензиннің бағасын мемлекеттік ретеуден бас тарту туралы шешім қабылдаған. Ал бір жылдан кейін, тамыз айында дизель отынының бағасы мемлекет тарапынан реттелмейтін болды.
Энергетика министрлігінің өкілдері мұны "Ресей мен Қырғызстанға тасымалданатын дизель отынының көбеюі салдарынан Қазақстан дизель отынының бағасын мемлекеттік реттеуден бас тартты" деп түсіндірген.
Осы себептерге байланысты 2015 жылы газ сатылымы бірден 2 есеге артып, 156,6 мың тоннадан 319,3 мың тоннаға бірақ жетті. Ал бензиннің сатылымы бөлшек нарықта 5%-ға төмендеп, 3,6 млн тоннаны құрады. Алайда бағаның көтерілуіне байланысты сатылым құны 9%-ға артып, 515,1 млрд теңгені құрады.