Астана ЭКСПО-2017 баспасөз орталығында ұсынылған АҚШ павильонында көрме қонақтарына жаңа технологиялар мен инновациялар таныстырылады. ҚР-дағы АҚШ-тың Төтенше және Өкілетті елшісі, АҚШ павильонының комиссары Джордж Крол экспозиция туралы кездесуде толық айтып берді деп хабарланды ҚР Үкіметінің ресми сайтында.
Қонақтарға Америкадан келген павильонның студент-уәкілдері көмектесетін болады. 40 адам бірнеше шет тілдерін меңгерген, соның ішінде орыс және қазақ тілдері де бар, сондай-ақ олар энергетика, экономика және дипломатия салаларында білім алуда.
Павильон үш аймаққа бөлінген: «Энергия кеңістігі», «Өмір энергиясы» және пост-шоу аймағы. Бірінші аймақта америкалық жаңашылдық пен шығармашылық рухты бейнелеп, алдағы күннің ең үздік идеялары мен әзірлемелерін көрсететін фильм ұсынылады. Екінші аймақта «Шексіз энергия көзі» атты павильон тақырыбына сай әзірленген көркем шоу көрсетіледі. Ал пост-шоу аймағында қонақтарға АҚШ пен Қазақстанның қарқынды дамып жатқан ынтымақтастығы туралы баяндалады.
Джордж Крол сондай-ақ энергетика, инженерия және бағдарламалау салаларындағы жетекші америкалық мамандар Астанаға қазақстандық әріптестерімен тәжірибе бөлісу үшін келетінін хабарлады.
«Шексіз энергия көзі – адамдар, инновациялар, жасампаздық деп есептейміз. Осының бәрін АҚШ павильонының экрандарынан көрсетеміз. ЭКСПО – бұл америкалық компаниялар энергетика саласындағы инвесторлардың қызығушылығын тудыра алатын орын», - деп түйіндеді ол.
Қонақтарға музыка, би, театр қойылымдары, шеберлік сыныптарынан тұратын мазмұнды мәдени бағдарлама ұсынылады, ал америкалық ковбойлар ЭКСПО-2017 аясында өтетін қазақтың ұлттық ойыны көкпарға қатысады.