Ақтау халықаралық теңіз портына логистикалық еркін экономикалық аймақ статусы берілуі керек. Мұндай мәселені Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов үкімет отырысында айтты.
Оның сөзінше, мұндай статус қабылданған жағдайда тауарларды тасымалдау кезінде кедендік процедуралар жеңілдеп, арнайы экономикалық аймақта жүк тасымалын 30%-ға арттырады.
Сондай-ақ, ол теңіз портын дамыту үшін халықаралық стратегиялық серіктестердің бірі арабиялық DP World компаниясын тартпақ ниетте екенін атап өтті.
"Біз өз тарапымыздан осы компания ұсынатын қызметтердің ақысын төлеп беруге дайынбыз. Ол шамамен 1,5 млн доллар болады. Сондықтан келісімшарт жасауда ешқандай кедергі жоқ", - деді Тоғжанов.
Қазіргі уақытта келісімге қол қою және ұсынылатын шарттар талқыланып жатыр.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, осы жылдың қаңтарында Маңғыстау облысы әкімдігі мен араб компаниясы арасында арнайы экономикалық аймақтың тиімділігін арттыру үшін және DP World серіктесері арасынан қосымша инвесторлар тарту мақсатында меморандумға қол қойылған.