Катар мен Таяу Шығыс елдерінің дипломатиялық қарым-қатынастың үзілуі ОПЕК пен оған мүше емес елдер арасында жасалған мұнай көлемін қысқарту туралы келісімге кері әсер етуі мүмкін. Тіпті бұл газ тұтынушы ірі елдердің "бас ауруына" айналып, көмірсутек нарығындағы тұрақсыздыққа әкеп соғады. Мұндай ойды Нью-Йорктегі Navigator Principal Investors LLC қорының басшысы Кайл Шостак (Kyle Shostak) айтқан.
Айта кетейік, кеше Египет, Сауд Арабиясы, Бахрейн және Біріккен Араб әмірлігі Катарды "террористік ұйымдарды қолдап, Таяу шығыстағы жағдайдың тұрақсыз болуына ықпал етті" деп кінәлап, дипломатиялық қатынасты тоқтататындарын мәлімдеген. Сондай-ақ, Ливия мен Йеменнің шығыс бөлігі, Мальдива мен Маврикий де кейін Катармен қатынасты үзетіндерін айтты.
"Мұнай өндіру бойынша ОПЕК елдері арасында Катардың үлесі көп емес. Жылына шамамен 600 мың тоннаны құрайды. Сондықтан биржадағы бағаға бұл жағдай аса әсер ете қоймайды", - дейді Шостак РИА Новостиге берген мәлімдемесінде.
Оның сөзінше, Катардағы бұл жағдайдың әсерінен ОПЕК пен оған мүше емес елдер арасындағы қара алтынның көлемін қысқарту туралы жасалған келісім орындалмай қалуы ғажап емес.
"Егер ОПЕК елдерінің арасында осындай түрлі көзқарастар пайда болып жатса, онда келісімнің жүзеге асуы екіталай. Бұл келісім онсызда қиындықпен жасалған еді. Бірақ оң әсері де жоқ емес. Мысалы АҚШ-тың өндіріске қатысты болжамдары жақын арада шиеленісе түсуі мүмкін", - дейді ол.
Сондай-ақ, Шостактың сөзінше, Катар - әлемдегі ірі газ өндіруші елдердің бірі. Мемлекет газды араб елдеріне ғана емес, басқа елдерге де экспорттайды. Мысалы дипломатиялық қатынастан бас тартқан Египет Катардың газын ең ірі көлемде тұтынады. Сондықтан Катарға қарсы қолданылған шаралар барлық транспорттық ағынға кедергі келтіреді.
"Vitol, Glencore, Trafigura сынды әлемдік ірі трейдерлер газдың ең көп бөлігін Катардан сатып алады. Сондықтан олар Дохадан келетін газ көлемін алмастыратын елді табу керек, Ал егер транспорт, логистика саласында жағдай қиындаса, бұл трейдерлерге үлкен проблема болады", - дейді сарапшы.
Осының нәтижесінде нарықта газ бағасы мен оған сұраныс артуы мүмкін.