Қытайдың ең жоғары соты осы аптада жоғары дәрежелі лауазымдылардың сыбайлас жемқорлық ісіне қатысты ашық сот отырысын өткізді. Бір ретте мұншалықты көп әрі шені жоғары тұлғаларға жаза кесу Қытайдың және әлемнің сот ісі тарихында да тым сирек кездеседі. Жаза кесілгендердің саны мен олардың лауазымдарының жоғарылығына қарап-ақ, Қытай үкіметінің жемқорлықпен күрестегі тебінін аңғаруға болады. Бұл туралы осыдан бір күн бұрын америкалық танымал басылым “The Wall Street Journal” хабарлаған болатын.
Қытайлық ресми БАҚ-тың хабарлауынша, сәрсенбі күні Қытай Ең жоғары соты провинция басшыларын қамтыған лауазымды тұлғалар, сондай-ақ, аға лауазымды және ірі ұлттық компаниялардың бұрынғы басшыларына жаза кескен.
Wuhan Iron and Steel (Ухан болат-темір груп.) компаниясының бұрынғы президенті Дың Чилиңге пара қабылдау және өзгелермен сыбайластық жасау айыбымен 15 жылдық қамақ жазасын берді.
China Telecom-ның бастығы Чаң Мяубиңды пара алғаны үшін алты жылға қамақ жазасы берілді.
Қытай Ұлттық статистика бюросының бұрынғы басшысы Уаң Бауанды өмірлік бас бостандығынан айыру үкімі жарияланды.
Бейсенбі күні Қытай Resources Group бұрынғы басшысы да парақорлық ісі және әлеуметтік мүлікті иемденгені үшін 14 жылға бас бостандығынан айырды.
Жоғары лауазымдылардың сыбайлас жемқорлыққа байланысты сот отырысы түгелдей ашық түрде өткізілген. Олардың арасында бұрынғы үкіметтің жоғары дәрежелі шенділері мен провинциялардың басшылары да бар.
Өзге елдің сарапшылардың айтуынша, бір күн ішінде соншама көп жоғары лауазымдыларға жаза кесу, Қытай үкіметінің жемқорлықты аластауға шындап кірісіп отырғанын анық әйгілейді. Әрі, жемқорлықпен ұсталған тұлғалардың қоғамдық-саяси лауазымдарына қарамастан, қатаң жазаға тартып отыр. Ал, сол елдің сарапшылары сыбайлас жемқорлыққа қарсы батыл күрес – қазіргі Қытай басшысы Ши Жинпиңның қол жеткізген биік нәтижесінің бірі деп бағалайды.
Қытай Мемлекеттік саяси институтының профессоры Жу Лижия бұл туралы: «Ши Жинпиңнің бірінші өкілеттік мерзімі аяқтамай тұрып-ақ, Қытай үкіметі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте жоғары нәтижеге жетті. Ал, алдағы бірнеше айда жемқорлыққа қарсы өзге де сынақ жобалары жеделдетіле түседі», – деген пікірін айтты.