Өзбекстан №452 «Самарқан-Астана-Нұрлы жол» халықаралық жүрдек пойызын Қазақстанға шығарып салып, қатынас көлігінің алғашқы рейсі Шымкентке келді, деп хабарлайды Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі. 

«Бұған дейін «Алматы-Ташкент» бағытындағы темір жол бағыты ашылса, бүгін «Самарқан-Астана-Нұрлы жол» халықаралық жүрдек пойызының алғашқы рейсін қарсы алып отырмыз. Енді бұдан былай, Өзбекстанның ең көне шаһарларының бірі Самарқаннан Астанаға арнайы пойыз жүретін болады. Ұзындығы 2 мың шақырымға жуықтайтын темір жол бағыты аптасына бір күн жүреді. Жол бағыты жұма күні Шымкент арқылы Астанаға жол тартса, жексенбіде Шымкенттен Ташкент арқылы Самарқан бағытына жүретін болады», - деді ОҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұрлан Байғұт.

Қос елге ортақ теміржол бағытын шығару туралы шешім осы жылдың наурыз-сәуір айларында екі ел Президенттерінің Астанадағы, Сарыағаштағы басқосулары және Қ.Мамин бастаған үкіметтік жұмыс тобының Ташкентке баруының нәтижесінде мүмкін болған.

Айта кету керек, Самарқан-Астана бағытына жол жүру құны 28 мың теңгеге жуықтайды.

“The Qazaq Times”