Ұлыбритания Брюсселмен арнайы келісім жасамай Еуропалық одақтан шығуы мүмкін. Бұл туралы корольдіктің премьер-министрі Тереза Мэй мәлімдеді. Оың сөзінше, егер ЕО  Brexit шарттарымен келіспесе, корольдік келіссөз жүргізуден бас тартады. 

"Біз дұрыс келісім жасалу үшін келіссөз жүргіземіз, алайда мен айтқандай келісім нашар жүргізілсе оны қабылдамаймыз. Біз ешбір келісімсіз одақтан шығуға дайынбыз", - деді премьер-министр.

Мэйдің сөзінше, ЕО тарапынан болатын келісім шарттары Ұлыбританияны қанағаттандырмаса және одақ сол келісімді бекітуге ынталы болса онда мемлекет келісімінен бас тартады. Себебі Brexit елдің болашағын жақсартуға берілген үлкен мүмкіндік.

Ал бұдан бұрын Брюсселмен жасалатын келіссөзден бас тартылуы мүмкін екенін Ұлыбританияның ЕО-дан шығу мәселелері жөніндегі министрі Дэвид Дэвис айтқан. Оның айтуынша, одақ Brexit келісімін мақұлдау үшін көп мөлшерде өтемақы сұраған көрінеді.

Ал ЕО өкілдерінің мәліметінше, Ұлыбританияның одақтан ешбір келісімсіз шығу мүмкіндігі  50%-дан жоғары. Financial Times агенттігінің мәліметінше, елдің одақтан шығу құны 60 млрд еуродан 100 млрд еуроға дейін артуы мүмкін.

Еске салайық, Ұлыбритания  2016 жылдың 23 маусымында Еуропалық одақтан шығу үшін референдум өткізген.  Нәтижесінде британдықтардың 51,9%-ы елдің Еуропалық одақтан шығуын қолдап, дауыс берді. Ал 48,1%-ы қарсылық білдірген еді.

Осыдан соң Мемлекеттің үкімет басшысы Девид Кэмерон өзінің отставкаға кететінін мәлімдеді. Оның мұндай шешімді қабылдауы Ұлыбританияның Еуроодақ құрамында қалу туралы ұсынысты қолдауымен байланысты болған.

“The Qazaq Times”