"Самұрық-Энерго" АҚ өзінің 100% иелігіндегі активтерінің бірі - "Шығыс Қазақстандағы өңірлік энергетика компаниясы" АҚ сатылымға шығарады. "Самұрық-Энерго" сауда арқылы 710 756 қарапайым акциялары мен 45 865 артық акцияларын сатпақшы. Актив бойынша сауда 9,5 мдрд теңгеден басталады, деп хабарлайды Kapital.kz.
Конкурсқа өтініш беру үшін алдымен 68 млн теңге көлемінде кепілдік жарнасы төленуі тиіс. Конкурстың бірінші кезеңіне өтініштерді қабылдау 23 маусым күні сағат 15:00-де аяқталады. Ал екінші кезең бойынша конкурс нәтижелері 20 шілдеде белгілі болады.
Конкурстың өту реті мынадай: Біріншіден, конкурсқа қатысуға өтініштерді жіберу және оны қарау. Екіншіден, конкурс жеңімпазын анықтау үшін конкурс ұсыныстарын қарау.
Сатып алушы "Шығыс Қазақстандағы өңірлік энергетика компаниясының" негізгі атқаратын қызметін сақтауы керек. Айта кетейік, бұл компания 2012 жылы "Самұрық-Энергоның" сенімді басқаруына өткен. Ал 2013 жылы наурыз айында компанияның акциялар пакеті "Самұрық-Энергоның" толық жекеменшігіне өтті.
"Шығыс Қазақстандағы өңірлік энергетика компаниясы" электр энергиясын таратумен айналысады. Обьектінің аумағы 283 мың метрді құрайды. Кәсіпорын желісінің жалпы ұзындығы - 34,537 шақырым.