Алматы қаласының Құлжа тасжолында салынатын "Апорт" сауда, ойын-сауық орталығының құрылысы 2018 жылдың көктемінде басталады. Бұл туралы Eurasia Red компаниясының директоры Дмитрий Ревин хабарлады.
«Келесі жылы көктемде Құлжа тасжолындағы Апорт моллдың құрылысы басталады. 2019 жылы барлық құрылыс жұмыстары аяқталады деп отырмыз. Біздің есебіміз бойынша жаңа орталықтың аумағы 100 мың шаршы метрді құрайды. Осыдан кейін Райымбек даңғылындағы сауда орталығынан барлығы жаңа сауда орталығына көшіріледі", - дейді Дмитрий Ревин.
Оның сөзінше, құрылыс жұмыстарын қазақстандық және шетелдік компаниялар жүргізеді. "Құлжа трассасында моллды салу үшін жер телімі сатып алынды, дизайн жобасы бекітілді. Жобаның толық іске қосылуына он миллион доллардан аса қаржы жұмсалады", - деді Ревин.
Бұған дейін 2016 жылы жаңа "Апорт" моллдың құрылысы 2020 жылдың көктемінде аяқталады деп хабарланған. Айта кетейік, Райымбек даңғылындағы Апорт 2009 жылы ашылған. Бұл сауда, ойын-сауық орталығы Қазақстандағы ең үлкен сауда кешені. Жалпы аумағы 80 мың шаршы метрді құрайды.