Жаңа жыл түні. Аспанды қақ тіле, зуылдай атылған от-оқтар, шатырлаған, тарсылдаған сұрапыл дауыс шығаруда. Төңірек зіл-зала. Машиналар безектеп, иттер қыңсылай қашып, құстар түнгі қонағынан шошына ұшып барады. От шашу онымен тоқтар емес, тура көк аспанның жүрегіне қадалмай тынбайтындай, зәрлене ұшып, аспанда шытырлай, бытырлай жарылып, жыланның тіліндей от ұшқындарын үзбей шашуда.
Терезеден қарап тұрған төрт-бес жас шамасындағы ұл бала шешесіне үрейлене тіл қатты:
- Мама, Құдай өліп қалмасын...
Аспанға атылып жатқан осынша от Құдайға тиіп, өліп қала ма деген сәбилік қорқынышы бұл.
Шатырлаған дауыс үзілер емес. Дала көк түтін, ауа қоңырсық иіске толы. Аппақ қардың үстінде қобыраған пиротехника қағаздары, қорапшалары қарайып қалып жатыр. Оны елейтін ешкім жоқ. Еліре, есіре от-оқ тұтатып, аспанға қарап айқайлап, шаттана қол шапалақтап, өздерінше қуаныш тапқан адамдар.
«Құдай өліп қалмасын» деген ой олардың санасына кіріп-шықпаған да болар. Иә, құдіреті күшті Құдай, шетсіз-шексіз әлемді мекен еткен Көк Тәңір өлмейтіні анық. Бірақ, ол әлгіндей адамдардың көңіл түкпірінен, жүрек төрінен асыға шығып, баяғыда алыстап кеткен болуы керек.
Баланың анасы ойланып қалды. Жаңа ғана елдің барлық арнасынан халыққа шарап толы бокалын жалаңдатқан ел басшысының бейнесі елестеді. Енді сол көк жәшікте күлегеш әнші, биші ойнақ салып жатыр. «Халықтық» аталып, «ақтаушылары» дайын тұратын мерекенің адамдарға сыйлары не екен? Көлкіген шарап, даурыққан топ, шатырлаған оттан ләззат алу ма? Қандай тағылымы, қандай қасиеті бар еді? Кімнен қалған “мұра” еді? Есін білмей елірген адамдар аспандағы құдайға шамасы жетпесе де, өзі іштеріндегі «құдайын» өлтіріп жатқандай... Ертең, салюттің отынан шыққан көз, күйген бет, жұлынған саусақ, төбелескен дос, төгілген ар... Құдай бетін ары қылсын, бірақ, Құдайды...
«Құдай өліп қалмаса екен...»
... Мерекелеріңізбен!..
Ақтамберді АСПАН
«The Qazaq Times»