Саяхатқа шыққанда немесе іссапарда қонақ үйлердің қызметіне жүгініп жатамыз. Бірақ көптеген қызмет түрлері мен қонақ үйдің жұлдыз санына  байланысты уақытша тұрақтайтын жерді  қалтамыздың қалыңдығына қарай да таңдайтынымыз рас. Бірақ арзан деп – сапасызына, қымбат болса – артық  төлеп, уәде етілген қызмет түріне қол жеткізе алмай жататын жағдайлар жиі кездеседі.

Сол себепті де қонақ үйде болған келеңсіздіктер сіздің саяхатыңыздың сәнін кетірмеу үшін, назарларыңызға көпшілік біле бермейтін қонақ үйлерге байланысты «лайфхактарды» ұсынамыз.

1. Дәл осындай бөлмені екі есе арзан бағаға алуға да болады.

Фото: pixabay

Қонақ үйдегі соңғы бос бөлмелер кей кезде жарты бағасына ұсынылады. Бұл бөлменің мүлде бос қалғанына қарағанда едәуір тиімді. Бірақ бұл туралы қонақ үй әкімшілігі еш жерге жарияламайды. Өйткені, кез-келген уақытта оны толық бағасына да біреу жалдап қалуы мүмкін. Сондықтан да, сайттардан бөлме жалдағанда қонақүйлердің аты жазылмайды, тек  жұлдыз саны мен ұсынылатын қызметтер көрсетіледі. Сіз тек ауданды таңдай аласыз. Кейін тапсырыстан бас тартуға болмайды.

2. Сайттарға сағат 18:00-ден кейін кіргеніңіз абзал. Өйткені, таңертеңгі  бағалар  тым қымбат болады.

Қонақ үйдің бағасына байланысты саудаласуға да болады. Тек қонақ үй жеке әрі кішігірім болған жағдайда. Ал арнайы желісі, бар үлкен қонақ үйлер арнайы стандартты бағалармен ғана беріледі. Кішігірім  қонақ үйлер кей кезде 30 пайызға дейін жеңілдік ұсынуы мүмкін.

3. Қонақ үйдегі тегін қызмет түрлерін  пайдаланыңыз.

Қонақ үйге орналасарда тегін қызметтер жайлы біліп алғаныңыз жөн. Көбіне қонақ үйлерде тегін бөтелкедегі су, киімге және де шашқа арналған үтіктер, қуаттағыш құрылғылар, тіпті үстел ойындарының  түрлері де тегін беріледі. Сонымен қатар, сізді қажет уақытта оятып, дәрігер шақыртып, мейрамханаларда орынға тапсырыс беріп, такси шақыртып, концерт, басқа да шараларға билет сатып алып қоюға да көмектесе алады.

4. Бөлмелер әрдайым мінсіз таза бола бермейді. 

Бөлмедегі ыдысты пайдаланбай-ақ қойғаныңыз жөн. Өйткені, сіздің алдыңыздағы қонақтан кейін оны тек сумен шайып қойған болуы мүмкін. Теледидардың пульттерін пайдаланарда өзіңіз үшін сулы орамалмен бір сүртіп алғаныңыз жақсы болады.

5. Барлық бөлмелер бірдей емес. 

Фото: youneed.com.ua

Орналаспас бұрын қызметкерлерден қайсы бөлме жақсы екендігін сұрап, 10-15 долларыңызды ұстата салыңыз. Нәтижесінде терезесінен жақсы көрініс, кең жуынатын бөлме, жақсы істейтін теледидар және тағы да басқа көптеген бонустарға ие боласыз.

6. Портье тек өзіне төлейтін жерлерді ұсынады. 

Қонақ үйдің қызметкерлерінен тамақтанатын, қыдыратын жерлерді көбіне сұрамаңыз. Өйткені, олар тек өздеріне төлейтін орындарды ғана ұсынады. Сәйкесінше, қымбат, мүмкін ұнамайтын жерге тап болуыңыз мүмкін. Одан да өзіңіз пікірлерге көз жүгіртіп, қаланың картасы мен басқа да сайттардан қарап алыңыз. Бүгінде бұндай ақпарат кез-келгенге қолжетімді.

7. Шағымданған бір жағынан тиімді. 

Фото: bbcamerica.com

Егер қызмет сапасы көңіліңізден шықпаса, шағымдануыңызға болады. Көптеген қонақ үйлер өз беделіне нұқсан келтірмеу үшін сізге көптеген тегін қызметтерді ұсынуы мүмкін.

8. Бағалы заттарыңызды қонақ үйдің сейфінде сақтаңыз.

Бөлмедегі кішкене сейфтен ұрланған заттарыңызға қонақ үй әкімшілігі жауап бермейді. Сол себепті де қонақ үйдің арнайы сейфінде қалдырғаныңыз жөн. Ол тікелей қонақ үйдің жауапкершілігінде және кез-келген адам ол жерге кіре алмайды.

Осы секілді қағидаларды ұстансаңыз, саяхатыңыз сәтті болып, ақшадан да артық шығындалмайтын боласыз. Керекті кеңестерді байқасаңыз - түртіп алыңыз. 

The Qazaq Times