Алматыда №652 учаскесі 1999 жылы қайтыс болған Абдурахман Алмасовтың атына АЭС референдумына қатысуға шақырту жіберген. Бұған шағынған Арзу Алмасова марқұм әкесінің өлімі туралы акті болғанына қарамастан, тірілер қатарында дауысы қағаз жүзінде қолданған деп күдіктенеді.

Алмасова желідегі парақшаларындағы өмірде жоқ адамға жолданған ресми шақырту туралы сыны жарты милионнан аса қаралған. Ол өзіне Наурызбай ауданы әкімдігінен бір топ байланысқа шығып, видео жазбаны өшіруді өтінгенін айтады.

№652 учаске Алматы қаласы Наурызбай ауданында Сейділдә Көпбаев атындағы №186 орта мектепте орналасқан.

– Маған ғана емес, 25 жыл бұрын әкеме шақырту қағаз келді. Мен пост жариялағаннан кейін белгілі болғаны әкемі әлі тірілер қатарында жүр екен. Әкемнің 99-шы жылы өлімі туралы акті құжаты қолымызда, сол арқылы мирасқорлықпен үйді өз атыма өткізгенмін. Демек 25 жылдан бері дауысын да беріп жүр, Қазақстан халқының санына кіріп тұрған азамат болып есептеледі. Желідегі жария шағымымнан кейін маған «техникалық қателік түзетіліп, тірілер тізімінен алынып, өлгендер қатарына енгізілді» деген қағаз берді. ...Сонда әкем осыншама уақыт тірілер қатарында жеңілдік болды ма, қаншама сайлау, санақта есепке алынды ма? Талабым – ресми базада күні кеше қайтыс болған деп енгенін түсіндіріп берсін, –  дейді Арзу Алмасова.

Марқұмның атына қол қойып, шақырту жолдаған №652 учаскесінің комиссия төрағасы, AMANAT партиясының мүшесі, педагог Абай Сауытов Сапарғали QT тілшісінің сұрағына жауап үзілді-кесілді беруден бас тартты.

Жауап ала алмағандықтан, Алматы қаласының Аумақтық референдум комиссиясына жүгіндік. Ресми ақпаратта АРК Алмасовтар отбасынан жағдайға байланысты кешірім сұрағаны жазылған. Сонымен қатар, желідегі жария шағым қазақша болғанымен, жауабын орысша берген Наурызбай аудандық АРК төрайымы Күлбала Самыкенованың сөзін аударып берген.

«Сайлаушылардың тізімдері жеке тұлғалар туралы мемлекеттік деректер базасы негізінде қалыптастырылады. Бұған дейін А. Алмасов Алматы облысының «Красный Восток» ауылында тіркеліп, 2014 жылы Алматы қаласына қосылып, Ақжар шағын ауданы болып өзгертілген болатын.

Техникалық қателік деректердің мемлекеттік органдармен уақытылы өзгермеуіне және кейін Алматы қаласының дерекқорымен біріктірілмеуіне байланысты болған» , – делінген қалалық АРК баспасөз қызметі жолдаған ресми түсіндірмеде.

Алматы қ. Наурызбай ауданының АРК (ТИК - орысша) қазақша шағымға орысша жауабы. Фото: Алмасовтар отбасынан

Алматы қ. Наурызбай ауданының АРК (ТИК - орысша) қазақша шағымға орысша жауабы. Фото: Алмасовтар отбасынан

Десе де дәл осы мазмұндағы орысша хатты қолына алған Алмасова әкесінің дауысы қолды болып келгенінен күдіктенеді. Оның желідегі осы тағырыптағы жазбаларынан ондаған қолданушының осыған ұқсас жағдайға ұшырасқаны туралы пікірлер көруге болады. Дерекқордағы мәліметтердің дер кезінде интеграциялануына жауапты мамандарға осындай жағдайда қандай шара көрілетіні белгісіз.

Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров алдын ала қорытынды бойынша, елде дауыс беруге құқылы 63,66% адам қатысқанын, ал Алматы қаласының көрсеткіші 25, 21% болғанын мәлімдеген. Тәуелсіз бақылаушылардың балама мәліметіне қарағанда, алматылықтардың 16%-ы ғана бюллетень алған.

The Qazaq Times