Редакция сұрауына берген жауабында Бас прокуратура Қаңтарда аяусыз азапталған Қырғыз азаматтарының ісі тағы уақытша тоқтағанын хабарлады.
Қаңтар айының басында QT редакциясы Бас прокуратураға арнайы прокурорлар мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бірлесе тергеді делінген қырғызстандық Чолпонбек Сыдыков пен Викрам Рузахуновты азаптау істері жөнінде сұрау жолдаған. Редакцияға БП қарамағындағы Қылмыстық қудалау қызметінің басшысының орынбасары Елдос Қилымжановтың атынан жауап келді.
Ресми хатта «Жүргізілген тергеумен Рузахунов және Сыдыковқа қатысты азаптау іс- әрекеттерін қолданған күдікті тұлғалар анықталмады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімі күдікті тұлғалардың анықталмауына байланысты үзілді» делінген.
2022 жылы Қаңтар оқиғасы кезінде құқық қорғау және күштік құрылым өкілдері қырғыз азаматтары Викрам Рузахунов пен Чолпанбек Сыдықовты аяусыз азаптағаны хабарланған. Тергеу кезінде рұқсат етілмеген әдістерді қолдана отырып, мемлекеттік ірі БАҚ арқылы жалған көрсетпе беруге итермелегені қоғамдық резонанс тудырған. Қырғыз композиторы Рузахунов ресми Бішкек пен қоғам араласуымен босаған. Қырғызстанда оған ауруханада операция жасалды. Музыканттың қабырғалары сынып, миы шайқалған. Қазақстан билігі «Азаптау» бабымен қылмыстық іс қозғап, кейін уақытша үзілген. Күзде тергеу амалы жанданып еді. Сазгер өзін ұрып-соққан оннан аса полицейді таныған. Сот медицина сараптамасымен денсаулығына ауыр зақым келгені анықталды.
Азаттық радиосы қырғыз қызметінің осыған дейінгі ақпаратына қарағанда, Сыдықовтың да миы шайқалып, алты қабырғасы сынған, екі тобығы шыққан. Бұл іс жөнінде де іс қозғалған. Қырғыз құқық қорғаушылар қауымдастығы Чолпанбектің көрген азабын «қатыгездіктің ең ауыр түрі» ретінде бағалаған.
Қазақстан Антикор төрағасы Олжас Бектенов азаптау қылмысын анықтауға «ең тәжірибелі тергеушілер» тартылғанын айтқан. Бірақ Ыстамбұл хаттамасы толығымен жүзеге аспаған азаптау істерінде жауапқа тартылған адам аз. Құқық қорғаушылар дерегінше, Қанды Қаңтарда ұсталған 10 мың адамның 70 пайызы азапталған.