Тараздағы қаңтаршыларға қатысты ел арасында «Әруақтар соты» атанып кеткен «4+5 соты» жалғасып жатыр. Барлығы 9 адамның бесеуі марқұм болған, тағы төртеуінің үшеуі бұлтартпау шарасымен изоляторда қамауда, ал біреуі қолхатпен қатысып жүр. Жарыссөз басталған бойда сот төрағасы журналистер қызметіне араласып, кедергі келтірді.

Былтыр 23 қарашада басталған сот процесінде бүгінге дейін 57-отырыста сот тергеу-талқылау кезеңі өтті.

26 қаңтарда Тараз қалалық N2 сотында жарыссөз кезеңі басталды.

Судьяның журналистер қызметін шектеуі

Судья Бағдат Төребекұлы журналистерді сот залынан шығарып жіберді.

«БАҚ өкілдерін көріп отырмыз. Бейне жазба құралдарына түсіруді бастап отырсыздар, бұл сот залындағы тәртіпті бұзу. Ескертемін олай болмайды. Тек қана соттың рұқсатымен түсіруге болады. Сіздер үшін қарама-қарсы зал дайындалған. Сол залдан сот отырысын барысын көре аласыз. Сонда өтуіңізді сұраймыз. Сот шешімі осы», – деді судья.

Судья Бағдат Төрекбекұлы. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Судья Бағдат Төрекбекұлы. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Сот кабинеті арқылы өтініш берген журналистер операторлардың сот залында қалуын сұрағанда судья рұқсат етпеді. Алайда марқұм және қамаудағы сотталушылар мен олардың заңды өкілдері, қорғаушылары өзін бейнежазбаға түсіруге келіскен.

Жарыссөздің түстен кейінгі отырысында судья кіжінеп, журналистерді сот залына мүлде кіргізбеу туралы шешім шығарды.

– Журналистер сот отырысы залына кіруші болмасын. Оларға арнайы бөлінген зал бар. Барлық техникалық құралдармен жабдықталған. Сол залға өтуі керек. Бұдан былай бұл залға кіруші болмасын, – деді судья Бағдат Төребекұлы.

Осыған дейін 18 қаңтарда да судья журналистер барған ашық сот отырысын конвой болмады деген себеппен кейінге қалдырған.

Сот процесінен тыс уақытта тілшілерге залда өзін түсіруге рұқсат берген тұлғалардан пікір алуға, жағдай жайлы таспалап, ақпарат таратуға көпе-көрнеу кедергі келтірді. Ашық сот отырысы ашық деп жарияланғанға дейін сот залынан ақпарат тарату, келісім берген өкілдерден пікір алу – журналистің кәсіби құқығы.

Құқық қорғау сарапшылары судьяның бұл шешімін Конституция тыйым салған цензураға жол беру, Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 23 шілдеде қабылданған N451«БАҚ туралы заңның» 14-бабын және Жоғарғы cот 2002 жылғы 6 желтоқсанда шығарған N25  «Қылмыстық істер бойынша сот ісін жүргізу жариялылығы принципін соттардың сақтауы туралы» нормативтік қаулысын өрескел бұзу деп есептейді.

Прокурорлар қаңтаршылардың өлі-тірісі де айыпты деп есептейді

Екі прокурор кезектесіп бір жарым сағаттан аса уақыт жарыссөз алғысөзін оқыды. Сөз соңында сотқа сотталушыларға жаза сұрады:

  • Марат Бекбауовқа – 4 жылға бас бостандығынан айыруды, алкоголизмнен күштеп емдеуді;
  • Асхат Тәшекеевке – 4 жыл бас бостандығынан айырып, қауіпсіздгі орташа коллонияда өтеуді және алкоголизмнен күштеп емдеуді;
  • Нұрбол Ережепов – 3 жылға шартты жаза, рақымшылықпен 9 айға қысқартып, сот залынан босатуды;
  • Ғани Керімбаевқа – 3 жыл айыру, рақымшылықпен 9 айға қысқартып, сот залынан босатуды сұрады.

Ал өзге бес бірдей марқұм: Райс Рысбеков, Нұрсұлтан Қуатбаев,  Ержан Байжанов, Тоқтар Ошақбаев, Исатай Донбаевтарды айыпты деп тануды және қылмыстық жазадан босатуды сұрады.

Тараз қаласындағы қаңтаршыларды айыптап отырған прокурорлар - Әділкт Үсембаев және Ғани Құрманов. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Тараз қаласындағы қаңтаршыларды айыптап отырған прокурорлар - Әділет Үсембаев және Ғани Құрманов. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Прокурорлар - Әділет Үсембаев және Ғани Құрманов дүрбелең кезінде қала инфрақұрылымына келген шығын мемлекет есебінен өтелсін деді.

Мемлекеттік айыптаушылардың бұл ұсынысы жөнінде жәбірленуші ретінде танылған әкімдік, мемлекеттік кірістер департаменті мен Халық банк өкілдері сот қарауына қалдырды.

Марқұмдардың жақындары мен заңды өкілдері прокурор таққан айыппен келіспейтінін айтты. Олар тергеуде жалған куәлер тартылғанын, дәлелдемелерсіз «бес әруақтан» қылмыскер жасап жатқанына наразы. Сондай-ақ, сот процесі барысында тергеу органы тарабынан көптеген заңбұзушылықтарға жол берілгені егжей-тегжейлі сөз болды. Адвокаттардың бірі «саяси астары» бар іс деп бағалады. Қаңтаршылардың қорғау жағы соттан марқұмдардың ісін қысқартып, ақтауды сұрады.

Жазықсыз айыпталғанын айтқан азаматтар: Марат Бекбауов, Асхат Тәшекеев, Ғани Керімбаев. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Жазықсыз айыпталғанын айтқан азаматтар: Марат Бекбауов, Асхат Тәшекеев, Ғани Керімбаев. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Сот жарыссөзі аяқталған соң үкім оқылуға тиіс.

Осы аптада елдің түрлі өңірінен қаңтаршылардың жақындары Астанаға Бас прокуратураға барған. Таразда өлтірілген бес марқұмның туыстары ҰҚК мен прокуратура органдарының жергілікті қызметкерлері елордаға аттануына кедергі жасағанын айтады.

Таразда көз жұмған және қамалған қаңтаршылардың туыстары мен заңды өкілдері. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Таразда көз жұмған және қамалған қаңтаршылардың туыстары мен заңды өкілдері. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

The Qazaq Times