үгін Алматыда «Азаттық» радиосы «Қаңтар және қазақ журналистикасы» атты дөңгелек үстел ұйымдастырып, «Қанды Қаңтар құрбандары» кітабының таныстырылымын өткізді. Жиынға тәуелсіз журналистер мен «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау ұйымының сарапшысы Ғалия Әженова қатысты.
Дөңгелек үстел барысында сарапшылар қазақстандық БАҚ «Қаңтар оқиғасын қалай көрсетті?» деген тақырыпта талқылау жасады.
«Азаттық» радиосының журналисі Асылхан Мамашұлы Қаңтар оқиғасына байланысты мемлекеттік БАҚ-та шыққан мақалалар мен деректі фильмдер жөнінде айтты. Оның сөзінше, мемБАҚ Қанды Қаңтарды бір жақты көрсеткен.
– «Хабар» агенттігі Қаңтар оқиғасының ізі суымай ақ «Қасіретті Қаңтар: Мародерлар», «Қасіретті Қаңтар: Тәртіпсіздіктер» деп аталатын деректі фильмдер жариялады. Бұлардың мазмұны айтпаса да түсінікті ғой, атынан ақ көрініп тұр. «Алматы» телеарнасы «Қайғылы Қаңтар: Өрт пен хаос» деп аталатын бес сериялы деректі фильм түсірді. Фильмді түсірген адамның мақсаты, ұстанымы, көзқарасы болады. Бірақ журналистік стандарт деген нәрсе бар. Сонда байқағаным, «Алтын Орда» базарына барады да, сонда бетін көлегейлеп қойған адамдарды сөйлетеді. Адамға билік бұрын айтқан, кейін де айтып жүрген «алдын ала дайындалған қарулы топ» жөнінде айтады. Журналист сөйлеткен кейіпкерлердің үшеуі де түрмеде, темір тордың ар жағында отыр. Үкіметке, құқық қорғау органдарына мәжбүр болып отырған адамды сөйлетіп, шынайы ақпарат ретінде ұсыну этикаға қаншалықты сәйкес келеді?, – деді Мамашұлы.
Бұдан бөлек, Асылхан Мамашұлы Астанадағы «Арман» кинотеатрда Өнер университетінің студенттері түсірген деректі фильм жөнінде айтты. Оның сөзінше, фильмде Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыдағы ұлттық музейді мародерлардың басып алғаны жөнінде, соның ішінде бір қызды зорлағаны жөнінде айтылған.
– Былтыр күзде Астанадағы «Арман» кинотеатрында Өнер университетінің түлектері 25 минуттық фильм көрсетті. Сонда бір бөлімінде Алматыдағы ұлттық музейді мародерлардың басып алғаны айталды. Одан кейін сол адамдардың қыз зорлағаны көрсетілді. Бұның барлығы экранда көрсетілді. Мен сол жерде сұрақ қойдым: Бұл қыз зорлау фактісі болды ма, құқық қорғау органдары оны растады ма? дедім. Мен олар байқамай қосып қойған шығар деп ойладым. Сөйтсем, олар оны әдейілеп қосқан деталь екен. Ол жерде «мүйізі қарағайдай» профессорлар «қыз зорлағанды қосқан ешнәрсе жоқ» деп есептейді екен. Мен соған таң қалдым, – деді журналист.
Асылхан Мамашұлы Қаңтар оқиғасына жөнінде шыққан кітаптар жөнінде де айтты. Ол бұрын ғылым және білім министрі болған Жақсыбек Құлекеевтің «Ақорда үшін күрес» кітабына тоқталды. Ол онда автордың кітапта мемБАҚ-та шыққан материалдарды пайдаланғанын айтты. Оны Құлекеевтің өзі растаған.
«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау ұйымның сарапшысы Ғалия Әженованың сөзінше, Қаңтар оқиғасы кезінде 18 журналистке шабуыл жасалған. Салдарынан солар түрлі дене жарақаттарын алған.
– Қаңтар оқиғасында 18 журналиске шабуыл жасалған, оның 17-сі арнайы жейдесі мен куәлігі бола тұра, кәсіби жұмысын атқарып жатқан кезде зардап шеккен. Жеті журналист түрлі жарақат алып, медицина қызметіне көмегіне жүгінді», — деді Ғалия Әженова.
«Азаттық» радиосы шығарған «Қанды Қаңтар құрбандары» кітабында 18 адамның басынан өткен оқиғасы топтастырылған.
– Қаңтарда оққа ұшқан әр мұңлықтың оқиғасы құйқа тамырыңды шымырлатады. Алматыда оқ қарша жауған көліктің ішінде болып, бас сүйегі шашылып қалған 4 жасар Айкөркем Мелдехан, дүкенге нан алуға анасымен шығып, снайпер оғынан жан тәсілім еткен Сұлтан Қылышбек, көлігі түгелдей өртеніп, сүйектерін балалары жинап алған ерлі-зайыпты желтоқсаншылар Гүлзипа Құлсұлтанова мен Қуат Біткенбаев, кәмелет жасына толмай оққа ұшқан тараздық Андрей Опушиев пен шымкенттік Абылай Ергеш... Зар еңіреген ана, азаматын жоқтаған әйел, жетім қалған бала..., – деп жазылған кітап алғы сөзінде.