"Проект", "Важные истории", The Insider, Bellingcat басылымдары мен Алексей Навальный командасы "Самиздат" мобильді қосымшасын іске қосты. Ресейдегі оқырман журналистердің зерттеулерін осы қосымшаның көмегімен VPN-сіз оқи алады, -деп жазды Орталық Азия жаңалықтар қызметі.
Қосымшаны App Store пен Google Play арқылы жүктеп алуға болады.
"Біз тегін мобильді қосымшаны іске қостық. Ол бұғаттан сақталған. Сонымен көмегімен орыс тіліндегі маңызды зерттеулерді бір жерден оқуға болады", - деп жазды редакция. Қосымша авторлары "Самиздаттың" ортақ редакциялық саясаты мен басшылығы жоғын, әрбір ұжым жазбаларына жеке-жеке жауап беретінін мәлімдеп отыр.
"Қазіргі дағдарыс Ресей журналистикасы тарихындағы алғашқысы емес. Журналистика болашағына балта шабылатындай көрінген сәттер бұған дейін де болған: Совет одағы кезінде адамдарды түрмеге жапты, жиырма жыл бұрын билік телевидениені басып алды, ал кейінгі он жылда баспасөзді өзіне бағындырды". Ресейдегі тәуелсіз ақпарат құралдарының бәрі қуғын-сүргіннен жапа шекті. Бірақ қуғындаудың зерттеуші журналистерге зияны көбірек тиді. Оларға "шетел агенті" деген күйе жағылып, тұтас редакцияларға қылмыстық істер қозғалды, олардың сайттары бұғатталды.
"Самиздат" авторлары басқа да тәуелсіз редакцияларды осы жобаға қосылуға үндеді.
Соғыс басталғалы бері Ресейде жеті мыңнан астам сайт бұғатталды. Олардың арасында Азаттық радиосының медиажобалары – Север.Реалии, Сибирь.Реалии, Idel.Реалии сайттары, сонымен бірге "Дождь" телеарнасы, "Эхо Москвы" радиосы, "Медуза", DOXA, "Медиазона" секілді ірі БАҚ-тар бар.
Соғыстың алғашқы екі аптасында 150-ден астам журналист Ресейден кетуге мәжбүр болды. Тәуелсіз ақпарат құралдарының кейбірі шетелде жұмысын жалғастырды. 2021 жылы 1,5 мың журналист пен белсенді Ресейден кетті.