Ресей-Украина соғысын қалт жібермей қадағалап тұрған әлем назары бір сәт Тайуанға (Тайвань) ауды. Оның себебі түсінікті де, АҚШ өкілдер Палатасының спикері Нэнси Пелосидің Тайуанға сапарлай баруы аралдың статусы бойынша Бейжің мен Уашингтон арасындағы қайшылықтың қоламтасын үрледі. Бейжің америкалық жоғары лауазымдының Тайуанға сапарлай баруына «Үлкен Қытай» пренципін бұзу қатарында наразылық танытты және Пелосидің сапарын қатаң айыптады, тіпті бұл Қытай-АҚШ қатынасына «орасан зор зиян келтіреді» деген ескертуінде жасаған. Қазір Қытайдың Тайуан аралына жақын әскери күштерінің әрекеттері жиілеп, Тайуан бұғазындағы қауіпсіздік мәселесі жаңа деңгейге көтерілді.
Мәселенің мәні мен себебі, салдарына қатысты айтылатын сөз өте көп, сондықтан, сайт оқырмандарына санамалай отырып қысқаша жеткізуге тырысалық.
- Нэнси Пелоси соңғы жиырма бес жыл ішінде Тайуанға сапарлай барған америкалық ең жоғары лауазымды тұлға. Кезекті сапарында ол Тайуан президенті Цай Инвэн ханыммен кездесіп, Тайуанға қатысты бірқатар мәлімдеме жасады. Кездесуде президенті Цай Тайуанның тәуелсіздігінен айырылуы Үнді-Тынық мұхиты аймағының қауіпсіздігіне қатер төндіретінін айтқан.
- Пелоси сапары АҚШ пен Қытай арасында ғана емес, Құрама Штат билігінің өз ортасында да пікірталас туғызған. Тіпті, президент Байден мен спикер ханым ортасында да бұл сапар бойынша пікір бірлігі жоқ. Кейбір америкалық саясаткерлер бұл сапар Қытай мен АҚШ ортасында түпкілікті қайшылыққа жол ашып, екі ел қатынасына орны толмас зиян келтіретінін айтқан. Алайда, Пелосидің сапары Тайуан ғана емес, Қытайдың күн сайын ықпалы күшейіп бара жатқан аймақтағы демократия мен тәуелсіздік мәселесі үшін үлкен қолдау болғаны анық.
- Пелоси сапарынан кейін Тайуанға байланысты Қытай мен АҚШ арасындағы қайшылық жаңа деңгейге көтерілді. Қазір Қытай әскери күштері Тайуан бұғазы маңына топталып, әскери кемелері бұғаздағы ресми емес шекара сызығына жақын тұр. Пелоси сапарынан кейін Қытай аймақта әскери жаттығу бастап, өзінің әскери артықшылықтарын көрсетуге күш салып жатыр. Тайуанда өзінің шабулыға қарсы дайындықтарын күшейту үстінде. Бұның өзі бұғаздағы қақтығыс қаупін тарихтағы ең жоғары шекке жеткізді.
- Мәселе қаншалықты салмақты болса да, бұл ашық соғысқа жол ашуы екіталай. Себебі, Пелоси сапарынан бұрын АҚШ президенті Жо Байден мен Қытай басшысы Ши Жінпің (Си Цзиньпин) онлайын жүздескен. Онда Украина мәселесіне қоса Тайуан тақырыбы да сөз болған. Тараптардың жоғары жетекшілерінің бұндай сөйлесуі екі ел ортасындағы қақтығыс қаупін сейілткені анық. Кемінде, Пелоси сапарын Байден әкімшілігі тікелей қолдаған жоқ. Ал, онлайн кездесуде Қытай басшысы АҚШ-қа қарсы қатаң ескерту жасады. Соның өзінде екі лидер АҚШ-Қытай арасындағы бәсекелестікті бақылауға алу бойынша пікір алмасып үлгерді. Бұның өзі ірі экономикалар ортасында ашық соғыстың мүмкіндігін төмендетті.
- Кезекті теке-тірес жағдайы түбегейлі қарсылыққа ұласа қоймайды. Тек үш тарап ортасындағы уақыттық сипаттағы дағдарыс күйінде қалуы мүмкін. Қысқаша айтқанда, АҚШ та, Қытай да қақтығысқа жол бермеуге тырысады. Сүйте тұра өздерінің эмоциясын көрсетіп, бір-бірінің шама-шарқын салыстырады. Бұның бірнеше себебі бар, ең алдымен Ресей факторы АҚШ жағынан бірінші кезекті есепке алынады. Батыс әлем Қытайды Ресейдің жағына түбегейлі өткізіп қоюдан барынша сақ болады. Екіншіден, Байден билігі бұрынғы Трамп үкіметіне салыстырмалы Қытаймен қарым-қатынасты барынша жұмсақ ұстауға бейім. Ақ үйдің қазіргі бас дипломаты Блинкен бұны алғаш қызметке келген кезінде ашық айтқан, Құрама Штаттардың мүддесіне сай Қытаймен қарым-қатынасты түбегейлі үзбейді.
- Қытай Тайуанды күшпен біріктіру үшін Пелосидің сапарын сылтау ететін болса бұл Бейжің үшін дұрыс таңдау емес. Қытай коммунистік билігі «Үлкен Қытай» принципін жүзеге асырып, «Ұлы отанның территориясын бірікіру» деген ұранды ел халқына уәде еткенімен Тайуан тым нәзік мәселе, оның ары жағында АҚШ сынды ірі державамен түбегейлі жауласу тұр. Ең кемінде, қазір соғыс үшін тым тиімсіз уақыт. Қытай экономикасы экспортқа қаншалықты тәуелді болса, Қытай экспорты теңіз жолына соншалықты тәуелді. Пандемия мен дағдарыстан кейінші теңселген Қытай экономикасы үшін соғыс тіптіде үлкен қауіп.
- Соғыс Құрама Штаттар үшін де, әлем үшін де тиімсіз. Әлемдегі тауар тасымалы үшін аса маңызды Оңтүстік Қытай теңізіндегі су жолының жабулыуы қазіргідей интеграцияланған әлем үшін үлкен шығындар алып келеді. Тайуандағы соғыс әлемге де орасан зор ықпал жасайды. АҚШ пен Қытай әлемнің бірінші және екінші экономикасын иелей отырып осы соғысқа жол беріп қойса, бұл тұтас жаһандық тұрақсыздықтың басталғанын түсіндіреді. Сондықтан бұндай жауапкершілік қасында Уашингтон ме Бейжің мәселені жіті қарастырары анық.
Бүгін, Қытай Тайуан аралының айналасын қоршай отырып, аса ауқымды әрі қарқынды әскери жаттығуын бастады. Анығында бұл сол аумақта соңғы 40 жылда болып көрмеген әскери әрекеттер. Қытай Халықтық Азаттық армиясы мәлімдемесінде жаттығуда шынайы оқтар пайдаланылатынын айтқан, әрі бұл АҚШ-тың «қате әрекеті» үшін орынды жауап екенін білдірген. Тайуан да өз кезегінде территориясын қорғауға табанды болатынын, «соғыс іздемеу», «арандатпау» принципінде қауіпсіздік күштері аралды қорғауға бар күшін салады деп мәлімдеді.
Қытайдың мемлекеттік ақпарат құралдары ел азаматтарын әскери шешімдерді қолауға қарата пропагандалық үрдісін бастап кеткендей. Бұл Қытайдың ұзақ болашаққа дайындығы, осыған қарап коммунистік билік миллиард халықты Құрама Штаттарға қарсы күресуге жұмылдырғысы келетінін көруге болады.