Қытай мен Аустралия арасында дипломатиялық шиеленіс тағы да тереңдей түсті. Бұл жолы дау қытайлық жойғыш ұшақтардың Оңтүстік Қытай теңізінде Аустралияның барлау ұшағын ұстауынан шықты. Тараптардың бірі айыптап, бірі жоққа шығарған оқиға өткен айдың соңында болан.
Аустралияның жаңа премьер-министрі Энтони Албаниз қытайлық ұшақтардың әрекетін агрессия деп айыптады. Ол Жакартадағы сапары кезінде жасаған мәлімдемесінде барлау ұшағы халықаралық құқықтарға сай Оңтүстік Қытай теңізінде барлау жүргізгенін, қытайлық жойғыш ұшақтар оны заңсыз әрі аустралиялық экипаждың өміріне қауіп төндіре отырып ұстағанын айтты.
Ресми Бейжің Албаниздің мәлімдемесіне қайтарған жауабында тағылған айыпты жоққа шығарды және «Аустралия ақ пен қараны өзгерттіп, қайта-қайта жалған ақпараттар таратып, теке-тірес жағдай орнатуға тырысты» деп мәлімдеді.
Қытай Қорғаныс министрлігі аталмыш оқиға туралы 26 мамырда мәлімдеме жасаған екен. Онда австралиялық Р-8А сүңгуір қайықтарға қарсы патрульдік ұшағы Қытайдың Сишау қаласына жақын әуе кеңістігінде барлау жүргізіп, ескертулерге қарамастан Сишау қаласының кеңістігіне жақындаған. Қытай ХАА әуе күштеріне тиесілі ұшақтар оған ескерту жасады және жақын әуе кеңістітен шығаруға әрекет етті делінген.
Аустралия билігі болса бұны Қытай әуе күштері J-16 ұшағымен шабуыл қаупін туғызды, аустралиялық ұшақ пен экипажға қауіп төндірді деп айыптайды. Елдің Қорғаныс министрлігі жасаған мәлімдемеде барлау ұшағының қозғалтқышын бүлдіру мақсатында алюминий кесектерін шашты деген.
Аустралия мен Қытайдың барлаушы және жойғыш ұшақтарының кездесіп қалуы екі ел ортасындағы дипломатиялық қайшылықтың бірден бір себебі емес. Екі ел Үнді және Тынық мұхит аймағындағы әскери-саяси ықпалдарын кеңейту бойынша және сауда қарым-қатынастарында бірқатар келіспеушіліктерге ие.