Мәскеуде Ұжымдық Қауіпсіздік Шарт ұйымының 30 жылдығына орай ұйымға мүше елдердің жетекшілері саммитте бас қосып жатыр. Саммит алдында Ресей президенті Владимир Путин президенттермен жеке-жеке кездесу өткізуде. Украинадағы соғыс қарсаңында өтіп жатқан бұл жиын көптің назарын аударары сөзссіз. Оның үстіне Украина Ресей әскерін Харьковтен шегіндіргені туралы ақпараттар тарап жатқан тұста, ҰҚШҰ елдері Ресей жағынан күштеп Украина соғысына тартылмай ма деген сұрақтар алаңдатуда.
Кезекті саммит туралы Мәскеудің ресми мәлімдемесінің өзінде ұйым жетекшілерінің бас қосуында Украинадағы соғыс да талқыланатыны айтылған. Қазір соғыс майданындағы хабарлардан, Украина әскерлерінің активті позицияға өткені туралы мәліметтер көп. Бұндай жағдай ҰҚШҰ сынды әскери-саяси ұйымның мүшесі болған Қазақстан үшін де ауыр сынақтардың жақындап қалғанын көрсеткендей.
Украинадағы жалпы жағдайға қарағанда Ресей ырықсыз орынға түсіп қалды, ал бұл үрдіс жалғасса Ресей желңілуі де мүмкін. Осыған байланысты Мәскеу ҰҚШҰ елдерінен әскери көмек сұрауы да ғажап емес. Бірақ, Мәскеудің сұраған көмегін ұйым мүшелері бере қоюы неғайбыл, олар бұл соғыстың болатыны, қандай әрекет еткелі отырғаны туралы Ресейдің алдын ала ұйым мүшелерімен ақылдаспағанын алға тартары анық. Оның үстіне ұйым шартында мүше елге сырттан шабуыл болған жағдайда ғана әскери көмек беру қарастырылған. Бірақ, Ресей өзі шабуылға ұшыраушы ел ретінде сценарий ұйымдастыруға тәжірибелі екенін де ескеру керек.
Егер ҰҚШҰ-ның қазіргі жағдайын бағалайтын болсақ, 30 жыл болған ұйым қазір күрделі жағдайды бастан кешіріп жатыр деуге болады. Себебі, ұйымдағы негізгі бір ел соғыс жағдайында тұр. Бұл кезең ұйымның соғысты қаламайтын өзге мүшелері үшін қиындықтар тудырады.
Ресей СІМ тарабы кезекті саммит туралы ресми мәлімдемесінде ұйымның қысқа уақыт ішінде көп жұмыстарды атқарғанын алға тартыпты. Мәлімдемеде: «Мүше елдердің ортақ әрекеті негізінде қауіпсіздікке қатысты мәселелерді ортақ шешетін, толық әрі эфективті құрылым түзіп шығарылды. Ұйым қазір өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықтың сенімді кепіліне айналды», – деген. Ресей сыртқы істер ведомстволары өз мәлімдемесінде ұйымның эфективтілігін көрсету мақсатында Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанға ұйым күштерінің кіргенін алға тартып жатыр. Бұл да болса маңызды шешімдерді қабылдауда бізге үлкен қиындықтар тудырары сөзсіз.